
Алмазбек Атамбаев қазақ билігі Қырғызстанға өзіне ыңғайлы басшыны таңғысы келеді деп санайды. 24.kg сайтының хабарлауынша, қырғыз президенті бұл ойын мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде айтқан.
«Мен бәрібір әділ сайлау өткізем. Әр халық өз билеушісін сайлауы тиіс және ол кімді таңдаса, соған лайық. Қазақ билігінің бізге неліктен осындай басшыларды таңғысы келетінін түсінем, өйткені олар Бакиевті жақсы көреді. Мен әлі күнге дейін Қазақстанның ресми тұлғалары Бакиев адамдарға оқ ату арқылы дұрыс істеді дейтінін естіп жүрмін», — дейді Алмазбек Атамбаев.
«Иә, Қазақстанның ІЖӨ Қырғызстандыкінен 20 есеге үлкен. Олай болса, Қазақстандағы зейнетақы неліктен бар болғаны 1,5 есеге артық, ал тарифтері 5 есеге жоғары? Неліктен? Себебі Қазақстанда байлықты ұрлап жатыр. Ал Атамбаев оларға жаман үлгі көрсетіп отыр. Себебі халық әділетті билікті қалайды... Назарбаев Бабановпен кездесуде жас президент туралы дұрыс айтқан. Бірақ жас президент кімге керек? Бізге ме әлде Қазақстанға ма? Бізді үйретпей-ақ қойсын, біз өз жолымызды таптық», – депті Қырғыз президенті.
Әлбетте осы ақпаратқа байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі дереу жауап қатты.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қырғыз БАҚ-тарында таратылған 2017 жылғы 7 қазандағы Қырғыз Республикасының Президенті А. Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санайды.
Қырғызстан Президентінің сайлау алды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлы байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз.
Қазақстан тарапы қырғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынастарын дамыту жолына берік болып қала береді», делінген мәлімдемеде.
Жалпы, бұл бауырлас қырғыз елінің билігі тарапынан Қазақстанға қатысты алғаш рет айтылған әңгіме емес. Бұған дейін де «Бакиевті елден қуған кезде Қазақстан көмір бермей қойып, қырғыз халқы қиналған» деген мағынадағы қыжыл айтылып қалғаны бар. Бұған қоса, таяуда ғана Қазақстан Президенті Қырғыз президенттігіне үміткер Бабановты қабылдағаннан кейін, осы елдің сыртқы істер министрлігі қарсылық нотасын жолдағаны мәлім.


.jpg)