Үкімет АҚШ-тың Ресейге қатысты санкцияларының Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер ететінін сараптады. Осыған орай, рубль бағамының өзгеруі бойынша бірнеше сценарий әзірленген

Айта кетерлігі, өткен аптада Ресейге қатысты АҚШ санкциясы күшіне енген сәтте рубль құбылып, оның салқыны теңгеге де тиген болатын. Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, рубль бағамының үш межеге - 70, 80 және 90 дейін баратын үш түрлі сценарий қарастырылып отыр. Соның салдарының теңгеге әсері, доллар бағамының қалайша өзгеретіні де пысықталған.

«Біз макроэкономикалық сараптаманы да өткіздік. Бұл дегеніміз, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі қалай өзгереді, сол жағы зерделенді. Оның сыртында инфляция, жұмыссыздықтың деңгейі және бюджеттің көрсеткіштері де қаралды. Санкциядан кім және қандай кәсіпорындар зардап шегуі мүмкін? Оны да қарыстырып шықтық. Осыған байланысты Үкіметтің бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді. Үш сценарийдің біреуі іске асып жатса, тиісті шаралар қолға алынады», - деді министр Сүлейменов журналистерге берген сұxбатында.

Оның айтуынша, әзірше доллардың Ресей рубліне қатысты бағамы 61-62-нің айналасында болып тұр. Оған мұнайдың бағасы да оң әсер етіп отыр. «Сондықтан жақын арада қандай да бір үлкен өзгерістер болады деп айта алмаймыз. Негізі, рубль бағамының өзгеруін тікелей теңгемен байланыстыруға болмайды. Себебі біздің экономикамыз бөлек. АҚШ-тың санкциялары бізге қатысты емес. Сондықтан оның тікелей әсері жоқ. Пессимистік сценарий болған күннің өзінде ішкі жалпы өнімнің өсуі сақталады. Ертең, біз Парламенттің жалпы отырысында әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырамыз. Онда теңгенің шекті бағамы 340 деп көрсетілген. Демек, Үкімет теңге бағамының одан ары өспейтініне сенімді», -  деп атап көрсетті Тимур Сүлейменов.

 

 

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту