
Қызылорда қаласының орталық бөлігіндегі Әйтеке би көшесінде жастар атысқан. Куәлердің бірінің видеосы әлеуметтік желіге де тарап кетті
Әлеуметтік желіде бұзақы жастардың атысқан видеосы тараған. Онда белгісіз жас жігіттің топтан қашып шыққаны көрсетіледі. Қашып бара жатқан ол сәлден кейін сөмкеден қару секілді затты алып, одан оқ жаудырғаны көрініп тұр. Сондай-ақ, бұл оқиғадан бас сауғалаған адамдар да көзге түскен.
Екінші бір видеода тәртіп сақшылары жерде жатқан адамды қаумалап, көтеріп алып бара жатқаны түсірілген.
Әлеуметтік желіге тараған видеодан соң облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі төмендегіше мәлімет таратты.
«Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесінің бойында болған бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Күдіктілер ұсталды, оқиғаның мән-жайы анықталуда», делінген хабарламада.


.jpg)