Оқыңыз, енді қайтып «окорочка» жемейтін боласыз. 

Қазір бүкіл әлем елдерінде белең алып отырған антибиотикке төзімділік проблемасы күнделікті жеп жүрген азық-түлігімізбен байланысты деп кім ойлаған? Әсіресе, көпшілігіміздің сүйікті асымызға айналған, жұрт жалпақ тілмен «окорочка» атап кеткен импорттық тауық еті осы проблеманың негізгі себепкері екеніне сенесіз бе? Жоқ дерсіз бірден (күнде жеп жүрген тамағын кім жамандыққа қисын). Бірақ өкінішке қарай бұлтартпас фактілер солай дейді.

The guardian.com сайтына осы тақырыпқа арнайы зерттеу мақаласын жариялаған Мэрин Маккена  (Maryn McKenna) 2050 жылға қарай антибиотиктерге төзімділік  әлемде бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, жылына 10 миллион адамның өліміне себепші болатынын айтады. Өйткені, бүгінгі азық-түлік индустриясында орасан көп көлемде тұтынылатын тауық етіне деген сұранысты өтеу үшін фермерлер антибиотиктерді молынан пайдаланады екен. Әлбетте, емдеу мақсатында емес, тез семірсін, тез ет алсын деп. Енді ойлай беріңіз, оны жеген адамдардың ағзасына қанша антибиотик барып жатқанын.

«Менің 10 жылдан астам уақыттан бері журналист ретінде айналысып келе жатқан шаруамның бірі – әлемде болып жатқан түрлі індеттер ошағын зерттейтін мамандармен әңгімелесу. АҚШ-та, Азияда, Африкада сондай дәрігерлермен, мал дәрігерлерімен және эпидемиологтармен болған ұзақ әңгімелер барысында білгенім: өзім зерттеп жүрген індеттер мен өте еттілігімен таңдандырған тауық балапандарының арасында тығыз байланыс бар екен. Америкалық тауық етінің дәмі басқа тауық етінен мүлде басқаша болатын себебін енді түсіндім. Біз АҚШ-та көл-көсір молшылық үшін, үйлесім үшін, жылдамдығы үшін  бәрін істейміз. Ең сорақысы, біз ондаған жылдар бойы тауық балапандары мен азық-түлік мақсатындағы жануарларды күн сайын антибиотикпен жемдеп келіппіз», деп жазады Мэрин Маккена.

Антибиотиктер қимыл-қозғалысты баяулатпағанымен, тауық балапанының аз қимылдап, тез өсетін, бірақ еті жұмсақ әрі балалар мультфильміндегі бодибилдерлер секілді торсықтай бұлшық еттен тұратын «тілалғыш ағуызға»  айналуын қамтамасыз етеді.  Қазіргі кезде планетамыздың басым бөлігінде етке арналған малдың бәрін негізінен антибиотик қосылған жемнің көмегімен өсіреді.  Осы мақсатқа жылына 63 151 тонна антибиотик жұмсалады екен. Антибиотик жануарлардың тез ет алуына көмектесетіндігін біліп алған фермерлер мал шаруашылығында дәрілік заттарды қолдануға баяғыда-ақ көшкен. Бүгінгі таңдағы антибиотикке төзімділік проблемасы осының салдары.

Өйткені, бұған дейін антибиотиктерге тез бейімделу, оған қарсы төзімділіктің жылдам дамуы дәрінің медицинада дұрыс қолданылмауынан, адамдардың берілген емдеу курсын толық аяқтамай, жарты жолдан дәрі ішуін тоқтатуынан, дәрігерлердің диагнозды дұрыс қоймай, басқа антибиотиктерді беруінен деген тұжырымдармен түсіндіріліп келді. Алайда, бұл ретте антибиотиктердің алғаш пайда болған кезінен бастап оның тек адамдарға емес, азық-түлік мақсатында өсірілетін жануарларға да қолданылып келгенін қаперге алған ешкім болмаған. Ал шын мәнінде, антибиотиктердің АҚШ-тағы сатылымының 80 пайызы және бүкіл әлемдегі сатылымының жартысынан астамы адамдарға емес, жануарларға қолданылады екен. Яғни, ет өндірісі бағытындағы шаруашылықтарда жануарлардың бәріне жылдам өсуі, тез семіруі үшін немесе олардың тығыз орналасуына байланысты туындауы мүмкін аурулардың алдын алу үшін тұрақты түрде сумен, жеммен бірге антибиотик беріліп отырады. Бұл антибиотиктердің үштен екісінде адамдарда кездесетін ауруларға қарсы қолданылатын қосындылар бар.  Демек, осы тектес антибиотиктер сол етті жейтін адамдарға қолданылғанда дәрменсіз болып қалады.

Мұның сырын қарапайым көпшілік біле бермейді.

Сондықтан антибиотикке төзімділік адамдардың көпшілігі үшін жасырын індет болып саналады. Осы індеттің салдарынан әлемде жыл сайын кемінде 700 мың адам: АҚШ-та 23 мың, Еуропада 25 мың,  Үндістанда 63 мыңнан астам бала ажал құшады. Мұның сыртында антибиотикке төзімді бактериялар жыл сайын АҚШ-та 2 миллионға жуық аурудың таралуына себепкер болады. Бұл дегеніңіз денсаулық сақтауға жұмсалатын миллиардтаған шығын, адамдар еңбекақысын жоғалтады, ал ұлттық экономиканың өнімділігі төмендейді. Сондықтан 2050 жылға қарай антибиотикке төзімділік әлем бойынша жыл сайын 100 триллион доллар шығын әкеледі деп болжануда.

Жалпы, ауру тудыратын ағзалар өзін жоюға арналған антибиотиктерге қарсы қорғаныс қабілетін ұдайы дамытып отырады. Мысалы, пенициллин 1940 жылдары қолданысқа енді, ал оған деген төзімділік 10 жылдан кейін бүкіл әлемді жайлап үлгерді. Тетрациклин 1948 жылы шықты, ал оған төзімділік 50-жылдары пайда болды. Сол сияқты 1955 жылы жасалған эритромицинге төзімділік 3 жыл өтпей жатып байқалды.  Пенициллинге төзімділікпен күресу үшін арнайы жасалған метициллин 1960 жылы қолданысқа енді, бірақ стафиллокок бактериясы бұған да бір жыл ішінде бейімделіп үлгерген. Яғни, қандайда бір ауру тудыратын бактерияға қарсы антибиотик ойлап табылған сайын, бактериялар да оларға қарсы қорғаныс қабілетін дамытып, дәрілерді дәрменсіз етіп келе жатыр. Тіпті кейінгі уақытта олардың бұрынғыдан да жылдам бейімделуі байқалған. Бұл шынымен де алаңдарлық ахуал екені анық. 

Тақырыпқа тұздық:

Былтыр БҰҰ-ға мүше елдер дәріге төзімді микроағзаларға қарсы күресті және микробтарға қарсы препараттарды бақылауды жолға қою қажеттігі туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Осы мәлімдемеде дәріге төзімділіктің басты себептерінің қатарында антибиотиктердің медицинада, ветеринария мен ауыл шаруашылығында шектен тыс және бақылаусыз пайдаланылуы, су мен топыраққа араласуы айтылған. Сондай-ақ АҚШ президенті жанындағы антибиоткке төзімді бактериялармен күрес жөніндегі Сарапшылық комиссияның жыл сайын әлемде 300 мың тонна антибиотик қолданатыны туралы дерегі келтірілген.

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту