
Ай сайын бес күн бойы тамақты тым аздан жеп жүрдім. Кәдімгідей арықтап, аштықты сезіндім. Ол күндері тез шаршайтын болдым, әйтсе де сергек болдым.
Алайда негізгі және маңызды өзгерістер бұл емес еді дейді америкалық журналист Питер Бауэс.
Ол әр ашығу кезінде жай кездегінің төрттен біріне тең калория беретін тамақ жеген. Және 2-ден 4 келіге дейін салмақ тастаған, бірақ ашығу тоқтаған соң салмағы қайта орнына келіп отырған. Төменде ашығудың пайдасын өзі сынап көрген журналистің зерттеу мақаласын беріп отырмыз.
Салмақ орнына келгенмен, ашығудың кей салдары ұзақ сақталады. Ауық-ауық ашығу кезінде организм күнделікті алып жүрген калориялар көлемі күрт азайтылады. Бірінші күні – 1000 калория, одан кейінгі 4 күнде – 500 калориядан. (Питер Бауэс ашығу кезінде диетасы мынандай болғанын айтады: көкөністерден жасалған сорпа, дәнді дақылдар концентраты, энергетикалық сусындар, кептірілген қара капуста және түймедақ шайы). Ашығу кезінде қан қысымымның систоликалық бөлігі 10 пайызға төмендеп, диастоликалық қысым өзгеріссіз қалды (мысалы, сау адамның артериялық қан қысымы десек 110/70 десек, мұнда 110 – систоликалық, ал 70 – диастолкалық қан қысымы болады - ауд). Гипертонияның жеңіл түрімен ауыратын едім, сондықтан бұл мен нәтиже мен үшін маңызды болды. Алайда, қалыпты тамаққа ауысқаннан кейін салмағым да, қан қысымы қайта қалпына келіп алды.
Ашығу – қартаймаудың жолы ма?
Ғалымдар қазір маған қолданған диета арқылы гиперторияны емдеуге бола ма деген мәселені зерттеу үстінде.
Бірақ ең маңызды нәтижелер ӨИФ-1 (өсудің инсулинсипатты факторы) атты гормонға қатысты болды. ӨИФ-1 гормонын бауыр шығарады. Оның деңгейі жоғары болса, қуық рагі және емшек, ішек рагінің қаупі де күшейеді. Бұл гормонның деңгейі түссе, қауіп те төмен болады. «Біз жануарларға жасаған тәжірибе кезінде ӨИФ-1 гормонының қартаю процесіне және бірқатар ауруға, соның ішінде қатерлі ісікке қатысы бар екенін білдік» дейді Оңтүстік Калифорния университеті жанындағы Ұзақ жасау институтының директоры, доктор Вальтер Лонго. Тышқандарға жасалған эксперименттер арқылы анықталған нәрсе: ауық-ауық ашығу нәтижесінде олардағы ӨИФ-1 гормоны әжептәуір және ұзақ уақытқа төмендейді екен.
Қанымның анализін қараған доктор Лонго былай деді: «ӨИФ-1 гормоны сізде 60 пайызға төмендеген. Диетаны тоқтатып, бұрынғыша тамақтануға көшкен соң ол қайтадан өсті, бірақ бәрібір о бастағы деңгейден 20 пайыз төмен болды».
Эквадор еліндегі бір ауылда генетикалық мутация себепті ӨИФ-1 гормоны төмен адамдар тұрады екен. Зерттеу кезінде олардың рак сияқты қартайған кезде пайда аурулармен сирек ауыратыны анықталды.
Басқа да сынақтардың нәтижесі қазір зерттеліп жатыр. Егер олар да ӨИФ-1 гормоны ашығу нәтижесінде төмендейтінін көрсетіп жатса, онда ғалымдар қартаю процесін баяулататын ашығу режимін жасай алар еді.
Әр 60 күн сайын бес күн ашығу арқылы организмнің қартаюын баяулатуға бола ма? Доктор Лонго енді осы жорамалдың растығын зерттегелі отыр.
«Ашығу өте пайдалы механизм деп санаймын. Біз әлі құпия нәрсені зерттеп жатырмыз. Бірақ қазірдің өзінде ашығудың нәтижесінен біраз нәрсе білдік. Ол нәтижелер көп үміт туғызады» дейді ғалым.
Өсудің инсулинсипатты факторы деген не?
- ӨИФ-1 дегеніміз – қанда бар гормонның әсерімен бауырда жасалып шығатын белок.
- Ол бұлшық ет, сүйек және шеміршек тканьдерінің өсуінде маңызды роль атқарады. Әсіресе бала кезде және организм тез өсетін кезеңде.
- Тамақты азайту арқылы ӨИФ-1 деңгейі төмендесе жануарларда рак қаупі төмендеп, қартаю процесі баяулаған.
- ӨИФ-1 деңгейі жасы келген адамдарды әртүрлі болады, ол адамның жасына және жынысына байланысты.

пікірлер