Қарағандылық әйел екі баласымен жаңа жылдық отшашудан зардап шекті.
Қарағанды облысы төтенше оқиғалар Департаменті қызметкерлері аймақ тұрғындары үшін жыл сайын қандай отшашуларды пайдалану керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сондай ақ қала бойынша заңсыз сатылымдарға қатаң тексеріс жасап тұрады. Осындай алдын алу шараларына қарамастан, жаңа жыл түні отшашудан опық жеген оқиғалар орын алды.
Желтоқсанның 31-нен қаңтардың 1-не қараған түні тоғыз және он жастағы екі баласымен бірге әйел адам отшашудан зардап шекті. Олар дереу Мақажанов атындағы емханаға жеткізілді. Жарақат алған баланың айтуынша, сіріңкемен тұтанған отшашу жан-жаққа бытырлап атқылай ала жөнелген. Нәтижесінде екі баланың бетін күйік шалған. Отшашудың бір шоғы әйелдің жағасына түсіп, оның да беті мен шашын күйдіріп әкеткен.
Дәл қазір отшашумен ойнаған отбасының жағдайы қалыпты, барлық дәрігерлік көмек көрсетілуде.
Дереккөз: «ekaraganda»
