Жаңа жыл қарсаңында белгісіз кәсіпкер Евгенийдің отбасына үш бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды Sputnik Қазахстан.
Қаталдау қоғамда ертегіге сену, әрине, қиын. Бірақ қайырымдылық пен мейірімділіктің арамыздан айналып кетпегенін дәлелдейтін қайырымды жандар баршылық. Сондай адамға жолыққан қарағандылық Евгений Дмитриев өзіне баспана сыйлаған белгісіз жанға деген ризашылығын қалай жеткізерін білмейді, тек «Рахмет саған, қайырымды жан!» деп қайталай береді.
Жетімдер үйінің тәрбиеленушісі, қарапайым Евгений бұған дейін жұбайымен, екі кішкентай баласымен барақ сияқты үйде тұрып жатқан болатын. Кейінірек өзін туысымын деп таныстырған жас қыз бұл үйдің заң бойынша өзіне тиесілі екенін айтып, соттасып жүріп паналап келген үйлерін тартып алған. «Жығылғанға жұдырық» дегендей іле шала жұмыстарынан да айырылады. Евгений әкімшілікке, баспасөз беттеріне өз жағдайын жариялап жазғанымен, еш нәтиже бола қоймайды. Үміттері үзілген отбасы Долинка ауылында тұратын бауырының үйін паналап жатқан болатын. Баспасөз беттеріне жариялған Евгенийдің жанайқайынан кейін бір ер адам өзінің көмек қолын созатынын, бірақ өзін таныстырмайтынын айтады.
«Қарағанды қаласының Майқұдық деген ауданынан бізге үш бөлмелі пәтер сыйлады. Мен әлі күнге дейін бұл пәтерді сыйға тартқан адамды білмеймін, тіпті разылығымды қалай жеткізерімді де білмеймін. Бірақ, Рахмет саған қайырымды жан деп қайталаудамын.» дейді бақыттан басы айналған Евгений.
Бұл күнде аяқ асты баспаналы болған отбасы жаңа пәтерлеріне кіріп алды. Евгений мен оның жұбайы жұмысқа да орналасты. Жаңа жыл жақсы адамның арқасында бұл жанұя үшін теңдессіз жақсылықпен басталғандай.
Дереккөз: Sputnic Казахстан
