Желтоқсанның 23 күні немересіне қажетті заттарды сатып аламын деп Майқұдыққа қарай бет алған әйел сол күйі оралмады.
45 жастағы Жаңыл Танабаева өз отбасымен Қарағанды қаласының Сортировка ауданында тұрып жатқан болатын. Өткен жылдың 23-желтоқсанында Жаңыл немересіне жаялық пен айран сатып аламын деп Майқұдыққа кетеді.
Содан бері екі аптадай уақыт өтсе де, Жаңылдан еш хабар-ошар болмайды. Жаңылдың туысқандары уайымнан арылар емес. Үйіндегі төрт жастағы кішкентай қызы Әмина мен үлкен қыздары аналарын асыға күтуде.
«Желтоқсанның 23-і жұбайым Жаңылдың демалысы болатын. Мен түнгі ауысымнан келіп, ұйықтамақшы болдым. Ол немеремізге керекті заттарды алуға Майқұдыққа жиналып жатты. Үйден тал түс кезінде шығып кеткен болатын. Кешкі сағат бестердің шамасында мен WhatsApp-қа қашан келесің деп жаздым. Біраздан соң барамын деген жауап қайтарды. Кешкі алтылардың кезінде оның ұялы телефоны өшірулі болды», дейді отағасы.
«Ол облыстық клиникалық емханада тазалықшы болып жұмыс істейтін. Мен жұмыс орнына да бардым, бірақ ол жерден ешкім көрмеген. Барлық емханаларды түгел қарап шықтым, менің жұбайыма ұқсас ешкім түспеген. Полицейлердің айтуынша оның ұялы телефоны аракідік қосылып тұрады екен. WhatsApp арқылы жіберген хабарламаларым да оқылды деп келіп тұрады.Тіпті бір рет жауап та жазды, мен сол сәтте-ақ хабарластым, алайда нөмер дереу өшірілді. Білмеймін, жазған өзі ме, жоқ әлде басқа ма...», деп күрсінді күйеуі.
Жаңылдың туысқандары полицияға хабарласып, еріктілерден көмек сұрауда.
«Із-түзсіз кеткен Жаңылдың сол күні үстінде құндыз шапаны және құны екі жүз мыңнан асатын қалта телефоны мен қол сөмкесі болған. Орта бойлы, бойының ұзындығы 160 см Жаңылдың айырықша белгілері: шашы сары түсті, екі қасының ортасында тыртығы бар.» дейді жанұшыра Жаңылдан жақсы жаңалық күтіп отырған жақындары.
Дереккөз: tengri.news.kz
