Ұялы телефоны тіркелмегендер байланыссыз қалады ма?

 Республика бойынша 26 миллион байланыс құрылғысының IMEI код бойынша 14 миллионы ғана тіркелген.

Ал 2019 жылғы 1 қаңтарда ұялы байланыс пайдаланушыларының абоненттік құрылғыларын міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. Яғни, бұған дейін байланыс құрылғыларын тіркемеген азаматтар байланыссыз қалады деп мәлімделген.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, тіркелу рәсімі толық аяқталмағанына қарамастан жаңа жыл түнінде ешкім байланыссыз қалмайды.
Байланыссыз қалу мәселесі мәжіліс депутаты Михаил Чирковты да алаңдатқан. Ол Үкімет сағатында министрден «осы мерзімге дейін ұялы телефонын тіркемегендер байланыссыз қалады ма?» деп сұрақ қойған болатын.
«Мәліметке сай, 26 млн абоненттің тек 14 миллионы тіркеуден өткен, бұл жартысынан көбі ғана. Осыған байланысты бірнеше миллион қазақстандық жаңа жыл түнінде және одан кейін бір-бірін құттықтай алмайды деген күдік басым», – деді мәжілісмен.
Дегенмен Дәурен Абаев бұл бағытта қажетті жұмыстың барлығы атқарылып жатқанын айтты.
«Әрине, адамдардың барлығы уайымдайды, бірақ барып, тіркемейді. Мәселен, бізде 26 миллион пайдаланушы бар, ал халық саны – 18 миллион. Яғни, адамдарда бірнеше телефоннан, 3-4 телефоннан бар. Қазір халықтың 70 пайызға жуығы тіркелген. Құрылғылардың 2-3 пайызы тіркеуге жарамайды. Менің ойымша, проблема болмайды және адамдар жаңа жылда байланыссыз қалмайды», – деді Абаев Мәжілісте өткен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысы туралы жиында.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдан бастап IMEI-кодын тіркемеген абоненттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді деп хабарланған болатын. Жоғалған телефондарды іздеуді жеңілдету, қылмыстарды тергеуге көмектесу мақсатында биылғы жылдың соңына дейін қазақстандықтар ұялы құрылғыларын ЖСН арқылы тіркеуі қажет. 2019 жылдан бастап тіркелмеген гаджеттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді.
Байланыс абоненттік құрылғысын тіркеу үшін мына құжаттар қажет: ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін); ұялы байланыс абоненттік бөлігінің сәйкестендіру коды (IMEI-код); телефонда пайдаланылатын абоненттік нөмірлер.

Авторы: Інжу Балтабекқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған