Көкшетауда жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті

Жақында «Bilim Foundation» қоғамдық қоры Ақмола облысы Денсаулық басқармасының  ұйытқы болуымен жүргізілген «Ақмола облысында соңғы 3 жылда (2015-2017 жж.) кәмелетке толмағандар арасында болған суицидтің себептерін зерттеу жұмысын» аяқтады.  Зерттеудің мақсаты – психологиялық аутопсия әдісі арқылы Ақмола облысында соңғы 3 жылда кәмелетке толмағандар арасында болған суицидтің себептерін анықтау. 

Осы зерттеу нәтижесін және балалар мен жасөсіпірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жасалған ұсыныстарды Көкшетау қаласында өткен “дөңгелек үстелде” облыстық әкімдік мамандары, білім және денсаулық басқармаларының қызметкерлері, психологтар талқылады.

Зерттеуге қажетті мәліметті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психологиялық аутопсия әдісі бағдарламасы бойынша дайындықтан өткен психологтар мен психиатрлар жинаған. Мәліметті жинау барысында Ақмола облыстық білім және денсаулық басқармалары мен жергілікті құқық қорғау органдарының мамандары қолдау көрсеткен.  

Зерттеу жұмысы Ақмола облысының Ақкөл, Атбасар, Аршалы, Астрахань, Бұланды, Бурабай, Еңбекшілдер, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандарында және Көкшетау, Степняк пен Щучинск қалаларында жүргізілді.

«BilimFoundation» қоғамдық қорының психоаналитигі Досжанова Жанаттың айтуынша, зерттеу жұмысы барысында өзіне қол жұмсаған балалардың суицидке баруына итермелеген бірнеше ортақ фактор анықталған. Облыста соңғы үш жылда көбінесе ер балалар, ата-анасымен бірге тұрған, толық емес отбасында тәрбиеленген, аға-әпке немесе іні-қарындасы бар балалар өзіне қол жұмсаған екен. Суицидке барған балалардың жартысына жуығының отбасына суициалды мінез-құлық тән болса, әрбір төртінші бала өз үйінде зорлық пен қатыгездікке тап болған. Қайғылы оқиғаның 83 пайызы үй жағдайында орын алған және зерттеуге респондент ретінде қатысқан отбасы мүшелері отбасылық кикілжіңді суицидке итермелеген негізгі себеп ретінде қарастырыпты.

Дөңгелек үстелдің соңында іс-шара қатысушылары Ақмола облысында суициалды оқиғалар бойынша психлогиялық аутопсияны жүйелі түрде өткізудің маңызына, балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмектің дер кезінде көрсетілуі керектігіне, көпшілік арасында психологиялық саулық пен балаларға қатысты физикалық және психикалық зорлық көрсетудің салдары туралы ақпараттық жұмыс жүргізудің қажеттілігіне тоқталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған