Arlan Grip Championship турнирінде үздік джиу-джитсу спортшылары бақ сынасты

Алматыда қыздар мен ерлер арасында бразилиялық джиу-джитсудан Arlan Grip Championship «Koktem Open – 2019» xалықаралық турнирі өтті.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген 1000-ға жуық спортшы екі күн бойы әр салмақта және жас айырмашылығы бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарыстың алғашқы күнінде 4-17 жасар, ал екінші күнінде 18-ден жоғары жастағы спортшылар өнер көрсетті.

«Бұл рейтингтік турнир таяу және алыс шет елдерден келген қатысушыларға жақсы таныс. Кеше біз балалар арасында 640 адам жинап рекорд орнаттық, ал, бүгін ересектер арасында өткізіп 250-ден астам спортшы жинадық. Осындай көрсеткіш бізді өте қуантады», – дейді Қазақстандық бразилиялық джиу-джитсу және грэпплинг федерациясының халықаралық қатынастар вице-президенті Ақмарал Қанатбаева.

Оның айтуынша, осы қазіргі жарысқа қатысушылар алдағы уақытта өтетін халықаралық жарыстарға дайындалып жатыр.

«Біздің Қазақстан құрамасы қазір Әбу-Даби қаласында бразилиялық джиу-джитсудан болатын әлем чемпионатына дайындалуда. Жарыс сәуірдің 21-26 аралығында өтеді, ал содан кейін олар мамырдың 10-14 күндері әуесқойлар арасындағы грэпплингтен (АИГА) өтетін турнирге Жапонияға аттанады», – деді Ақмарал Қанатбаева.

Екі күнге жалғасқан бұл турнир ABB Arena-да IBJJF халықаралық федерация ережесіне сәйкес өткізілді. Оның басты мақсаты – елімізде джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау.

«Жарыс маған қатты ұнады. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарсыластарым қиын болды. Бүгінгі жеңісіме қуаныштымын. Өз жанкүйерлеріме алғыс білдіремін. Қазір мен алдағы уақытта өтетін Абу-Дабидегі әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Онда 16-17 жас аралығында көк белбеулер арасында өнер көрсетемін. Жеңімпаз болсам деген арманым бар», – деді жеңімпаздардың бірі Дина Давлятова.

Бұл тартысты өткен жарыстың нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табысталды.

Айта кетер жайт, Әбу-Дабидегі әлем чемпионаты жыл сайын балалар және ересектер арасында өткізіледі.

 

Авторы: Айдар Оспанбатыр

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған