Ұшқышсыз ұшу аппараттары құрылмақ

      Пікір жоқ on Ұшқышсыз ұшу аппараттары құрылмақ

Беларусь пен Қазақстан бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Беларусь премьер-министрінің бірінші орынбасары Александр Турчин екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


“Таяу уақытта Қазақстанда беларусьтік ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыратынымыз күтіледі. IT-саладағы өзара ынтымақтастықтың қарқыны артып, осы салада бірлескен бастамалар саны артатынына үміттенеміз”, – деп атап өтті Александр Турчин.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, өнеркәсіптік кооперацияға, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларындағы ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, IT, ғарыш және жоғары технологиялар салаларындағы инвестициялық ынтымақтастыққа серпін беру керек.

Беларусь тарабы инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік бірлескен жобаларға белсенді қатысуға дайын.

“Жібек жолы экономикалық белдеуінің дербес бағыты немесе бастаманың бір бөлігі ретінде Қазақстан-Қытай шекарасындағы “Қорғас-Шығыс қақпасы” еркін экономикалық аймағы мен “Ұлы тас” Қытай-Беларусь индустриялық паркінің әлеуетін бірлесіп пайдалану керек”, – деп есептейді Александр Турчин.

Өз кезегінде Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин де Беларусьпен өндірістік кооперацияны кеңейтуді қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, проблемалық жағдайлар талқыланған, енді келісімді тәжірибеде жүзеге асыру керек. Қазақстан Беларусьпен Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы контейнерлік тасымалдау көлемін арттыруға мүдделі. Беларусь пен Қазақстан үкімет отырысында 2019-2020 жылдарға ынтымақтастықты дамытудың жол картасына қол қояды.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған