Қарапайым мұнайшы…

      Пікір жоқ on Қарапайым мұнайшы…

Әлем дамуын тездеткен, жаһандық экономиканың қозғауыш күшін арттырған құдіреттің бірі – мұнай.  Қазақтың тәуелсіздігі тұсында да түрлі экономикалық қыспақтан алып шыққан, өліара кезеңде қиындыққа қарсы тұрғызған да осы мұнай болды

Бұл – уақыттың өзімен дәлелденген, әлем әлдеқашан мойындаған мәселе. Ал осы мұнайдың төңірегінде кімдер жүр? Айтпағымыз әлемдік алпауыттар туралы емес. Қандай алпауыт болсын, ол қазына таусыла бастағанда-ақ өз жөнімен кетеді. Әйтсе де мұнай өндірудің «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргендер туралы неге аз айтылады? Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қарапайым мұнайшылар туралы баспасөзде дүркін-дүркін сөз қозғап тұруды жөн санаған едік.   

2019 жылы Қазақстанда мұнай өндіріле бастағанына 120 жыл толады екен. Былайша айтқанда бұл тұтас бір дәуір. Атырау алқабының Қарашүңгілінен алғаш мұнай атқылағаннан бері ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында қазақ мұнайшыларының да еңбек династиясы қалыптасты. Кейіберуі кейіннен осыны кәсіп кетті. Ең бастысы мұнайлы өлкенің азаматтары мұнайшылықты да өз деңгейінде игере бастады. Солардың бірі қазыналы өлкедегі кеннің игерілуіне өзі де куә болып, өзгелерге де үлгі болып жүрген Оразғали Жұмағұлов.

Ол «Қаражанбасмұнай» АҚ отыз жылдан астам еңбек етіп, компанияның ілгері басуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті маманның бірі. Бүгінде №1 мұнай өндіру цехында операторы болып істейтін  Оразғали Жұмағұлов ерен еңбегі еленген азамат. 1986 жылдың қараша айынан бері кен орнына барып жұмыс істеу оның үзілмес қағидасына айналған. Талай жылғы теккен тері елеусіз қалмай, үнемі лайықты бағасын алып келеді.

 

«Қаражанбас кен орнына келуім кездейсоқ болды десем де болады. Әскерден келгеннен соң бірден мұнай саласына жұмысқа кіру ойымда болмады. Арада біраз уақыт өткенде жұмыс істегім келетін туралы айтып, компанияға өтініш білдірдім. Ол уақыттары «Қаражанбасмұнай» АҚ өңірге белгілі қайраткер Ләззат Қиынов басқаратын. Жұмысқа деген жігерімді байқап, бірден қабылдады. Өздеріңізге белгілі, бұл кез Краснодардан орыстардың қатынап жұмыс істейтін шағы. Яғни, мұнайдың төңірегіне қазақтарды көп жолатпайтын. Жергілікті азаматтар қасқалдақтың қанындай сирек ұшырасады. Жұмысқа қабылдаған бетте Ләззат Кетебайұлы: Сендердің жолдарың даңғыл. Алда үлкен болашақ күтіп тұр. Сондықтан мұнайшы мамандығын меңгеріп, сол жолда талмай жұмыс істеулерің қажет. Сол себепті жастарға зор үміт артамыз» деп арқадан қағым, қолдау білдірді», – дейді мұнайшы.

Оразғали Жұмағұлов өзімен қатар жұмысқа орналасқан азаматтардың көбі дерлік зейнет демалысына шығып үлгергенін айтады. Онымен кен орнында бірге жұмыс істейтін құрдастары санаулы ғана екен. Солардың бірі Ниетқали Бисалиев. Екеуара бас қосқанда өткен шаққа көз жүгіртіп, сол бір ұмытылмас шақты сағына еске алады.

«Біз жұмысқа орналасқан жылдары кен орнының жағдайы мүшкілдеу еді. Таңертең жұмысқа автобус болмай қалса, ауыр жүк көлігімен келетін едік. Жиі орын алатын. Ұңғыларды жөндеуге бару үшін осы жайды бастан кешуші едік. Бүгінде жағдай жақсарды. Жеңіл көліктер өндіріс жұмыстарына көп бөлініп, баратын жерге жету жайы едәуір жеңілдеді. Қаражанбастың аумағы осыдан отыз жыл бұрын алақандай ғана еді. Қазір аумақ кеңейіп, ұңғылар саны көбейді. Бұл ретте мұнайшы қауымның атқаратын жұмысы аса маңызды. Сондықтан тәжірибелі маман ретінде біздер сенімге келкеу түсірмей, мақсатқа жету жолында аянбай еңбектенуіміз қажет», – дейді Ниетқали.

Ниетқали да, Оразғали аға да бүгінде кен орнындағы мұнайшылар қалашығындағы ахуалға ризашылық білдіреді. Асханалар күрделі жөндеуден өтіп, ішер астың сапасы артқаны жұмысшылар аса маңызды дейді ардагер маман.

«Жатақханамыздың жайы ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жұмыстан тыс уақытта спортпен айналысатындар үшін барлық жағдай қарастырылған. Тамақтанудың реті де оңтайлы жолға қойылған. Күніне берілетін тағамның құнары жоғары. Сондықтан біздер өндіріс жұмысында осал болуға қақымыз жоқ», дейді Оразғали Жұмағұлов.

Таушық ауылында тұратын жігіт ағасы қазір қадірлі ата атанған жайы бар. Әлпештеп өсірген перзенттері өмірден өз орындарын тауып, бүгінге үбірлі-шүбірлі әулеттің керегесін кеңейтіп отыр. Әке жолын таңдаған ұлы «АрғымақТрансСервис» мекемесінде жүк көлігін тізгіндеген білікті жүргізуші. Кенжесі Орал қаласында білім алып жатыр.

«Жұмыстан үйге барғанда кен орнына деген сағыныш болатының жасырмаймын. Форт-Шевченко қаласында туып-өскен маған ауылға көшкен уақыттары мұнайшы боламын ой келмеген еді. Тағдырдың жазуымен бүгінде өндіріс жұмысына әбден бауыр басып, бұл саладан мүлдем қол үзгім келмейді. Қазіргі уақытта жұмыстағы жастарға білгенімізді үйретіп, мол тәжірибемізді бөлісіп жүрміз», дейді ол.

 

Авторы: Жанкелді Қаржан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған