«HackEd» хакатон жеңімпаздары анықталды

  Еуразия Ұлттық Университетінің ғылыми кітапханасы аумағындағы Makerspace Astana шеберханасында Қазақстандағы АҚШ елшілігінің және «Шеврон» компаниясының қолдауымен жас бағдарламашылар мен әзірлеушілер арасында алғашқы білім беру «HackEd» хакатоны өтті. Екі күн бойы қатысушылар болашақтағы білім беру процесін жақсартып жеңілдетуге мүмкіндік беретін құрылғылар әзірледі.

«Біздің компания Қазақстанда STEM саласында білім беруді дамытуға үлкен назар аударады, – дейді «Шеврон» компаниясының өкілі Жанар Қошпанова. – Жастардың зияткерлік капиталы мен техникалық әлеуетін дамыту да біздің басты мәселелеріміздің бірі. Сондықтан біз дарынды жастарға қуана көмектесіп, олардың қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге талпыныстарын қолдаймыз».

Өтініштерді 40-тан астам команда беріп, олардың 15-і хакатонның көзбе-көз кезеңіне іріктелді. Қатысу үшін 14 – 21 аралығындағы жастар екі адамнан тұратын команда құрып, жобаның ықтимал идеясын Aduino, Raspberry Pi платформасында ұсынуы керек болды.

Хакатонға дайындық аясында командалар Aduino, Raspberry Pi микроконтроллерлермен жұмыс істеу бойынша қарқынды шеберлік сабақтарына қатысып, 3D модельдеу және 3D басып шығару бойынша бастапқы дағдыларды игерді. Қатысушыларға Makerspace шеберханасының құрылғыларды әзірлеуге арналған материалдарын пайдалануға рұқсат берілді, бұл жобаларды әзірлеу және іске асыру процесін едәуір жеделдетті. Хакатонның екінші күні қатысушылар жобаларын таныстырып, жасаған жұмыстарын ұсынды. Ең үздік үш команда 1800 АҚШ долларын құрайтын жүлде қорын өзара бөлісіп алды. Бұл соманы жеңімпаздар жобаларын пысықтап жақсартуға пайдалануы керек.

«Қазақстанда батыл әрі шығармашыл шешімдерді іске асыру бойынша өткізілетін әртүрлі шаралардың саны артып келеді. «HackEd» хакатонында жастарға білім беру процесіне деген көзқарастарымен бөлісу ұсынылды. Балалардың қалай және нені үйренуін әдетте ересектер шешеді, алайда жастардың пікірін тыңдап, олармен бірігіп оқуға деген жаңа әрі қызықтыратын тәсілдерді табу біз үшін қызық болды», – деп АҚШ елшілігінің мәдениет және білім беру мәселелері жөніндегі атташеcі Энн Перелли пікірімен бөлісті.

«Биылғы жыл біз үшін ерекше, біз оны Жастар жылы деп атадық. Біз қазақстандық қоғамды жақсартып, ұрпақтар сабақтастығын құра алатынымызға сенеміз. Қазіргі таңда балалар ата-аналары оқыған тәсілмен оқығылары келмейді, бізге білім беру процесіне интерактив және смарт технология енгізу қажет», – дейді хакатон жеңімпазы, Mars тобының мүшесі Мырзабеков Еркін.

«HackEd» – тек нон-стоп режимінде кодтау форматындағы әзірлеушілерге арналған конкурс қана емес, сондай-ақ жас бағдарламашылар мен әзірлеушілерге тәжірибемен бөлісу, пікірлестер табу және жаңа мүмкіндіктер ашу алаңы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған