Ас қайырғанда берілетін баталар. Біле жүріңіз

Асқа бата беру – қазақтың дастарқан басындағы мәдениеті этикетінің бірі, қонақтың не дастарқандағы үлкен адамның тілегі. Батаны дастарқан басында отырған жасы үлкен не құрметті қонақ жасайды. Асты қабылдаудың алдында жасы үлкен құрметті адам немесе өзіне кәделі сыбаға арналған адам асқа бата жасайды. Сонымен қатар ас желініп болған соң сыйлы қонақ немесе жасы үлкен адамдардан ас иесіне, отағасына, оның отбасына арналған жылы лебіз, ыстық ықылас, жақсы ниет, ізгі тілекті айтқызу мақсатында қауым тарапынан бата сұралады. Бата ұйқасты, мазмұнды сөзбен айтылады.

Бата ұйқасты, мазмұнды сөзбен айтылады

Қазіргі күні дастарханда отырғандардан бата сұралғанда кейбіреулер бір-біріне сілтеп жатады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан жасы 40-тан асқан соң ер азаматтар батаны жаттап жүргені өздеріне жақсы.

 

Кетпес ырыс, кең пейіл берсін.

Кеткенін келтірсін,

Кемтігін толтырсын.

Мал аман, бас түгел болсын.

Тілегі қабыл, мұраты асыл болсын!…

Ас бергенге бас берсін,

Өмірі ұзақ жас берсін.

Кетпес дәулет, кең пейіл,

Қайырымды дос берсін!

 

*   *  *

Дастарханың бай болсын.

Қазан-ошағың май болсын.

Төрт түлігің сай болсын.

Көңілің толып жай болсын.

 

Ұлың қонып қияға,

Қызың қонып қияға,

Келінің бибі атанып,

Ұлың болсын би аға.

 

Бергеннен Алла танбасын,

Көбейе берсін мал басың,

Өсе берсін жан басың,

Арманың көкке самғасын.

Досыңнан көңілің қалмасын,

Жағаңнан дұшпан алмасын,

Жолың болып жортқанда,

Жолыңды Қызыр жалғасын.

 

* * *

 

Дастарханыңа береке берсін,

Бастарыңа мереке берсін,

Астарыңа адалдық берсін,

Бастарыңа амандық берсін,

Дендеріңе саулық берсін!

 

* * *

 

Берейін бата асыңа,

Амандық берсін басыңа.

Бөденедей жорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа,

Бар екем деп тасыма,

Жоқ екем деп жасыма.

Еңбек етсең ерінбей,

Дәулет келер қасыңа.

 

Көре алмаған дұшпанның,

Жуа бітсін жолына.

Бақытың жетсін төтелеп,

Дүние малды жетелеп,

 

Аузыма түскен батаның

Жатырмын бәрін түгендеп!

Көтердік міне білекті,

Ақтардым түгел тілекті,

Мынау тұрған балаңыз,

Батыр болсын жүректі.

 

Автор: Айдар Оспанбатыр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған