Доңыз жылы туралы не білеміз?

      Пікір жоқ on Доңыз жылы туралы не білеміз?

Табиғатпен үндескен дәстүрлі төл жаңа жылымыз Наурызда келеді десек те, күнтізбелік жыл санау күнделікті өмірімізге (бүкіл әлемде) етене еніп кеткендіктен, табалдырығымыздан аттағалы тұрған жыл туралы да бірер сөз айтатын сәт туып тұр. Себебі алдағы Доңыз жылы – жыл қайырудың соңы, яғни Доңыздан кейін Тышқан жылының келуімен жаңа цикл басталады.

ДОҢЫЗ – жыл санауының жəне жыл қайырудың соңғы жылы. Кейбір түркі елдері, сондай-ақ Қазақстанның кейбір жерлері, мұны «қара киік жылы» деп те атай береді (М.Ысқақов). Қазақ «доңыз» деп кəдімгі шошқаны айтады. Оның жыл атауына кіруінің өзі жыл санаудың исламнан да бұрын енгенінің толық дəлелі болса керек. Бұл жылды халық пəле-жала көп болады деп жақсы атамаса да, көбіне ол тарихқа жайлы, тыныштық жылы болып келген.

Ал жалпы жыл қайыру есебінде жылдардың сипаты төмендегідей болып келеді.

ТЫШҚАН. Жыл санаудың жəне жыл қайырудың басы саналады. Əр жыл 21 наурызда аяқталып, жаңа жыл 22 наурызда басталып есептеледі. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тəжірибесі бай, ұғымды халық əр жылға тиісті баға беріп һəм соған сай күтініп те отырған. Жалпы, тышқан жылын жұрт молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көбіне ақталып та отырған. Шынында да тышқан жылы қиыншылық, жаугершілік, аштық бола бермеген екен.

СИЫР жылы халық есінде көбінесе ауыртпалық, дау- жанжал, қиындықтарымен есте қалған. Ырымшыл халқымыз бұл жылы сəтсіздік бола қалса, «биыл ауыр жыл ғой» дей салған. Сиыр жылы туған адамдар халық əдеті мен ырымдары негізінде сиыр бауыздамайды.

БАРЫС ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас жыл деп есептеледі. Еліміздің тарихында бұл жылға қатысты айтылатын елеулі оқиғалар есте қалмаған. Осындай себеппен барысты қазақтар жайсыз жыл қатарына қоспайды.

ҚОЯН қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы ретінде бағаланады. Оның себебі де жоқ емес. Тарихқа үңілсек, 1867-1868 ж.ж. «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 ж.ж. «үлкен қоян» жұты, 1891-1892 ж.ж. «кіші қоян» жұты, 1915-1916 ж.ж. «тақыр қоян» жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел жүдеушілікке, аштыққа, жоқшылыққа ұшырап, əр жылға əлгіндей ат беріп, айдар тағып кеткен. 1962-1963 ж.ж. да мал өсіруші аудандар қатты шығынға ұшырағаны белгілі. Тарихтан белгілі қазақ еліне «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қайғылы заман əкелген 1723 жыл да қоян жылы болатын. Қоян жылы атақты Абылай хан туды (1711). Қоян жылғы жұт пен апат, аштық қаламгерлер шығармаларына да арқау болып қалды. Солардың бірі І.Жансүгіров былай деп жазды:

Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,

Бір қазақ таба алмайсың, қысты ұнатқан.

Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар

Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.

Əбіқай Нұртазаұлы «қоянды» былай суреттейді:

Жұт көрдім жеті жаста «қоян» деген,

Адалды қыс емес-ті қоям деген.

Қызарып, қымыз ішіп ұйықтағанға,

«Абайла, аштық келді! Оян!» деген.

ҰЛУ. Ол туралы əртүрлі жорамал көп. Түркі жұрты оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек. Кей жылдары ұлу да жайсыз келіп отырған. Оған Б.Майлиннің «Ұлу» деген өлеңі (1917) дəлел болады:

Ұлу келіп көтерді елдің обалын,

Мал жұтатып, сынын алды қораның.

Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,

Атышулы былтырғы өткен «қояның».

ЖЫЛАН қазақ аңыз əңгімелерінде «жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген қағидаға айналған қанатты сөздер бар. Бұл сөзді Абай да «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты шығармасында пайдаланған. Мұны тарихи деректер де растайды. 1928-1929 ж.ж. Қазақстанда кəмпеске зобалаңы болды; 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы да осы жылан жылы басталған;  Қазақ халқын қан қақсатқан Қазан төңкерісі де (1917-1918) осы жылан жылымен тұстас келді.

ЖЫЛҚЫ жайлы халықтың арғы-бергі аңыздары мен ертегі əңгімелерінде жайсыз əңгіме жоқ. Ырымда бұл жылы туғандар жылқы бауыздамайды. Қазақ əдебиетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров жылқы жылы туып (1894), үшеуі де барыс жылы (1938) опат болды. Қазақтың қаракерей Қабанбай (Ерасыл) батыры жылқы жылы туған (1690). Жамбыл ақын жылқы жылы туып, тауық жылы қайтыс болған (1846-1945).

ҚОЙ ел ұғымында жақсы жыл қатарында аталады. Қазақ бұл жылды қой мінезіне де ұқсатады. Қой жылдары көбіне жайлы болып, халық береке мен молшылыққа кенеліп отырған. Мəшһүр Жүсіптің айтуынша, Құнанбай қажы қой жылы туып, атақты Шоң би қой жылы қайтыс болған. Ыдырамастай көрінген Кеңес Одағы қой жылы құлады (1991). Қазақ елі осы қой жылы Тəуелсіздікке қол жеткізді (1991). Қазақ халқының рухани көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы қой жылы туып, барыс жылы қаза тапты (1873-1938).

МЕШІННІҢ қандай мақұлық екені анық емес. Қазір оны маймыл деп жүр. Аңызда ол маймыл емес, азып кеткен адам деп те айтады. Ал жыл қандай болады дегенге келгенде қазақтар бұл жылды сəтсіз, бүліншілік, жайсыз оқиғалар көп болады деп қорқып отырады. Шындығында, біздің еліміз тарихындағы небір азапты, ауыр оқиғалар мен жұт, апат осы жылдарда болғанына көз жеткізу қиын емес. Айталық, 1920 жылы қазақ даласында мал қырылып, ол «Тас мешін» деп аталды. 1931-1932 ж.ж. алапат аштық осы мешінде болды. ХІХ-ХХ ғ.ғ. бірнеше соққан «қоян», «мешін», «тауық» жылдарындағы аштық пен сұмдықты бастан өткізіп, көзімен көрген жəне мешін жылы аштан өлген торғайлық Əбіқай ақын Нұртазаұлы «Тас мешін» деген дастан жазып, шындықты шеберлікпен суреттеген:

Тап болды «мешін» деген қайдан заман,

Ешкімге тиген-ақ жоқ пайдаң заман.

Көз тойған, көңіл тоқтап келелі мал,

Ел айбыны – ерден дəулет тайған заман.

Түстей боп өңде көрген кеткенің бе,

Қайырылмай қалыбыңа, қайран заман?

ТАУЫҚ ЖЫЛЫ жұрт жадында қатты, ауыр жыл ретінде қалған. Бұрынғы үлкендердің айтуынша, тауық жылы қауіп-қатер жиі болып тұрған, халық бейнетті көп шеккен дейді. Өткен ғасырлар мен жылдарға көз салсақ, халық санасында сақталған бұл ұғымдар да негізсіз айтылмаған сияқты. 1920-1921, 1932-1933 жылдары жұт, ашаршылық болғаны көпке белгілі. 1968-1969 ж.ж. құрғақшылық болды. Тағы да Əбіқай ақынға жүгінейік:

«Тас мешін» жалғастырдың «тауығыңды»,

Сыпырып сансыз қызық, сауығымды.

Тоңқиған атпақылдың сақасындай,

Көркімен көрсетпедің ауылымды.

Аштықтан Қырға, Сырға тентіреттің,

Ағайын неше дос, жар, бауырымды.

ИТ жеті қазынаның бірі болғандықтан ба, бұл жыл халық үшін жайсыз емес сияқты. Мешін, тауықтан кейінгі ауыртпалық ит жылы біршама жеңілдей түскен. Айталық, 1945 жылы соғыс аяқталды.

ДОҢЫЗ. Сөз басында айтып өткеніміздей, Доңыз жыл санаудың жəне жыл қайырудың соңғы жылы. Кейбір түркі елдері, сондай-ақ Қазақстанның кейбір жерлері, мұны «қара киік жылы» деп те атай береді (М.Ысқақов). Доңыз жылы – ит жылынан кейін, тышқан жылынан бұрын келетін мүшел есебінің 12-жылы. Қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, Әзірбайжан, моңғол, т.б. Орталық Азия халықтарының күнтізбелерінде қолданылады. 12 жылда бір рет қайталанып отырады

.Дереккөзі: «Егемен Қазақстан» газеті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған