ҰБТ-2019: Өзгертулер мен толықтырулар

      Пікір жоқ on ҰБТ-2019: Өзгертулер мен толықтырулар

2019 жылдан бастап мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Сондай-ақ, мамандарды даярлау бағыттарының жаңа сыныптауышы (классификатор) енгізіліп отыр. Бұл  өзгеріс жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту шеңберінде жүргізіліп отыр.

Осы уақытқа дейін еліміздің жоғары оқу орындарындағы мамандықтардың тізімі нақты көрсетілген сыныптауышты пайдаланып келді. Ал 2019 жылдан бастап білім берудің даярлау бағыттарының жаңа сыныптауышы енгізіледі. Жаңа сыныптауышта мамандықтардың нақты тізімі емес, мамандарды даярлау бағыты көрсетілетін болады. Сәйкесінше, еліміздің жоғары оқу орындары дербес білім беру бағдарламаларын жасайды.

Осыған орай, мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады.

Мәселен, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика» мамандықтары кіреді. Ал, «Ақпараттық технологиялар» тобына – «Информатика», «Ақпараттық жүйелер» және тағы басқалары. Яғни, білім беру гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандықтар бойынша емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылатын болады. Грант ұтып алған соң оқуға түсуші (талапкер) ЖОО-ға таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша тіркеліп, ЖОО-ға құжаттарын тапсыру кезінде таңдап алған мамандығы бойынша білім алатын болады.

Айта кетерлігі, 2019 жылғы ҰБТ форматында өзгерістер жоқ. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.

Биылғы жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізілетін болады – қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айлары.

Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуді тапсыру арқылы оқуға түсуші ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік алады. Ал, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсуі үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез-келгеніне қатысып, шекті балл жинауы жеткілікті.

Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет.

Дереккөз: kaz.zakon.kz

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған