Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «төрт ағайынды» ісі қаралуда. Бүгін Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко «төрт ағайынды» ісі бойынша айыпталушы Еркін Ізбасарды қолдап сотқа келді

 

Еске сала кетсек, жыл басынан бері Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған қылмыстық топқа қатысты іс қаралып жатыр. Ал бүгін сотқа Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко қатысып, ол  Еркін Ізбасар туралы айтып берді.

«Еркін Ізбасарды Кеңес одағынан бері танимын. Мен грек-рим күресінен Кеңес одағының құрамында болдым. Сол кезде командаға Есінгелді Батырғарин енген болатын. Ол Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тумасы. Жарыстарға қатысып жүргенде Еркін Ізбасармен  кездестім. Есенгелді Еркінмен дос болды. Еркін Ізбасар өзін жаттығу залына келіп, жанкүйер, спорт жанашыры ретінде танытты. Кейін жарыстарда жолымыз түйісті. Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында болдық. Бұл 8-10  жыл бұрын болған жағдай. Еркін Ізбасар спортшыларды қолдап, кеңес берді. Мен Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиев жақсы жағынан ғана айта аламын. Кеңес Одағы құлаған кезде Ақтөбе облысында спорт құлдырап кетті. Жанашыр адамдардың қолдауы керек болды. Сол қолдауды Еркін Ізбасар жасап, балуандарды көтерді. 2015 жылдан бастап ақтөбелік балуандар Қазақстан құрамасына енді. Оның ішінде Азия чемпионы Нұрислам Санаев та бар»,- деді Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко.

Кейін Юрий Мельниченко сотталушы Еркін Ізбасар тек Қазақстан емес, Ресей Федерациясының да спортшылары арасында да кең танылғанын жасырмады. Өз кезегінде судья Ахметқали Молдағалиев спортшыларға қолдау білдіріп жүрген Еркін Ізбасардың қаржыны қайдан алатынын сұраған болатын.  

«Мен оны білмеймін. Кәсіпкерлікпен айналыспаймын, біз жарыстарда кездесіп тұрмыз. Одан сұраған да емеспін. Меценат болып жүрген жалғыз ол емес. Елімізде спортты қолдап, инвестиция салып жүрген адам баршылық»,- деді Юрий Мельниченко.

Айта кетейік, Еркін Ізбасар туралы сотта сөз сөйлеуге Ресейдің Дағыстанынан спортшы Тимур Гадисев те келді.

«Еркін Ізбасар Қазақстан спортын дамытып жүрген адам. Ол әрдайым спортшылардың жанында болуға дайын. Спортшыларды жаттығуға жіберіп, үнемі шыңдап отыратын. Мен ол туралы айту үшін Қазақстанға келіп отырмын. Қажет болса Африка, АҚШ-қа жаяу болас да, велосипедпен болса да барар едім»,- деді Тимур Гадисев.

Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған қылмыстық топқа қатысты іс қаралып жатыр. Оларға мұнай ұрлығы, мұнай өнімдерін заңсыз сақтап, сатты және рейдерлік жолмен бөтеннің мүлкін таптып алды деп айып тағылған еді. Барлығы 26 сотталушыға қатысты қылмыстық істің қаралып жатқанына 4 ай болды.

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту