Шекара қызметкері өртенген балабақшадан балаларды құтқарып қалды

Алматы облысы Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында  шекарашы Ерден Нұрақынов өртенген балабақшадан бүлдіршіндерді  аман алып қалды. Алайда шекарашы бұл оқиғаны ерлік деп санамаған. Десе де, балабақша қызметкерлері мен ата-аналар әлеуметтік желі арқылы шекарашыға алғыстарын жеткізуде.

Ерден Нұрақынов Қытаймен шекарадағы «Қорғас» шекаралық бақылау бөлімінде орналасқан «Нұрлы жол» шекаралық бақылау бөлімшесінің әскери қызметшісі. Жасы 23-те. Ол өзінің ерлікке парапар әрекетін ешкімге айтпаған, тіпті бұны ерлік деп санамайтынын да алға тартыпты.

Оқиға қаңтардың 16-сы орын алды. Кешкі сағат 17-18-дер шамасында Жаркент қаласы Пушкин көшесіндегі «Марат» балабақшадан өрт шыққан. Дәл сол кезде балабақшада балалар, бақша қызметкерлері мен ата-аналары болыпты.

Өртке оранған ғимараттың маңынан өтіп бара жатқан шекарашы Ерден Нұрақынов, бірден балаларды құтқаруға ұмтылған. Ол балабақша ауласына кірісімен ең бірінші кезекте ас үйге жүгіріп, ол жерден 2 газ баллонын көреді. Дереу қолына ас үйдегі пышақты алып, майтүтікті (шланга) кесіп, баллондарды сыртқы далаға алып шығып үлгерген. Сосын балабақшаға қайта кіріп, алдымен электр трансформаторын ажыратып, жалын шарпыған бөлмелерден балаларды алып шығуға жанталаса жүгіреді.

Кейіннен тілсіз жау өртке қарсы бөлімшенің күшімен жарты сағаттан соң сөндірілді. 79 адам өрттен құтқарылды, оның 59-ы балалар.

Осы оқиғадан бірнеше күн өткеннен кейін балабақша қызметкерлері мен ата-аналар Instagram, Whatsapp әлеуметтік желілері арқылы Ерден атты шекарашыға алғыстарын жаудырды.

«Мен сол күні баламды балабақшадан алуға барғанмын. Баламды алып шығып қана үлгердім. Оны жолдың бойында тұрған машинама отырғыза салғаным сол еді, бір машина келіп тура менің алдыма тоқтады. Мен одан көмектесуді сұрағаным сол еді, ол бірден ішке ұмтылды. Тіпті көлігі оталған күйінде қалды. Бұндай жағдайда балабақша қызметкері тұрмақ кез-келген адам не істерін білмес еді. Балалармен есі шыққан тәрбиешілер жылап жүрді. Мен сол кезде әлгі кісіні 20 минуттай күтіп тұрдым. ГАИ келіп жолды жапқан кезде ғана ол шықты. Одан сұрағанымда: «Аллаға шүкір, уайымдамаңыз, барлық бөлмені, этаждарын аралап шықтым, ешқандай бала қалмады, екі газ баллонын алып шықтым. Пожарка өшіріп үлгереді» деді. Оған риза болып, атын сұрағанда Ерден деді. «Молодец, жігіт екенсің Ерден» дедім» деп жазады Instagram-да оқиға куәсінің бірі.

Ерден Нұрақыновтың өзі болса бұл әрекетін ерлік деп санамайды. «Бұндай оқиғаға тап болған кез келген адам осындай қадам жасар еді»,- дейді ол.

 

Автор: Айдар Оспанбатыр

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған