Перуашев Қазақстанның атауын «QAZAQ RESPÝBLIKАSY» деп өзгертуді ұсынды

Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстанның атауын Қазақ Республикасы деп өзгертуді ұсынды. Ол бұл туралы бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына осындай депутаттық сауал жолдады.

«1920 жылы тамыз айында Мәскеуде СовНарКом шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты. Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты. Нәтижесінде, сол жылы Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925 жылдан бастап оған халқымыздың төл «Қазақ» деген атауы берілді. 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған, КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының, нақтылап айтқанда Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы үшін – Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деп мәлімдеді Перуашев.

Тоқтала кететін жайт, дәл осыған ұқсас бастаманы 5 жыл бұрын «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көтерген болатын. Осыған байланысты  «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Мемлекет басшысының ұстанымын іске асыратын уақыт жеткенін айтты.

«Біздің ойымызша, Елбасы ұсынысын іске асыратын кез келді. Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп атауымыз керек. Тіпті тоталитарлық совет өкіметі мойындаған Қазақ атын республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», – деді ол.

 

авторы: Айдар Оспанбатыр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған