
Ақтөбеде 28 жастағы келіншек лифт ішінде қаза болды. Оның аяғы лифтінің есігіне қыстырылып қалған
Қайғылы оқиға 4 сәуірде Ақтөбедегі 12 ықшам ауданында болды. 3 жастағы қызымен лифтке мінген 28 жастағы келіншектің аяғы есікке қыстырылып қалған.
«Кеше жедел жәрдемге шақыру түсті. Лифтіде бала мен келіншек болған. Қалай екені белгісіз, есік жабылып, келіншектің аяғы есікке қыстырылып қалған. Біз барғанда аяғы кесіліп, қаза болған. Баласы ауруханаға жеткізілді. Ол дін аман»,- деді Ақтөбе қалалық жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің орынбасары Дастан Неталиева.
Кейіннен белгілі болғанындай, лифт ішінде қаза болған Айзат Әбдісамат жергілікті «Ақтөбе» арнасында балалар бағдарламасы мен таңғы бағдарламаны жүргізген. Журналистің әріптестері оның ақкөңіл, кеңпейіл болғанын айтып отыр.

«Ол кеше сағат 21:00 шамасында қызымен бірге лифтіге мінбек болған. Есігі толық ашылмай қалса да, кішкентай қызы ішке еніп кеткен. Ал анасы оның қауіпсіздігі үшін артынан ере ұмтылғанымен, ішіне кірмей жатып, есігі жабылып қалған. Айзат оқиға орнында қаза болды. Үш жастағы қызы дін аман», - деді «Ақтөбе» облыстық телеарнасының тақырыптық хабарлар бөлімінің аға редекторы Бибігүл Биманова.
Оның айтуынша, Айзат Әбдісамат «Ақтөбе» арнасына 5 жыл бұрын келген екен.
«Алматыдағы ұлттық университеттің журналистика факультетін бітіріп келіп, таңғы бағдарламаға жүргізуші болып қабылданды. Бұрын балалар журналына жазып жүрген тілші таңғы бағдарламамен қатар, арнайы балалар бағдарламасын ашты», - дейді Бибігүл Биманова.
Әріптестері Айзат Әбдісаматтың өте ақкөңіл, кеңпейіл болғанын айтып отыр. Ол тұрмысқа шыққан соң балалы болып, үйде отырған.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«4 сәуір күні кезекші бөлімге тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде адам мәйіті табылғаны туралы хабар түсті. Қазіргі кезде осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Сапасыз салынған құрылыс» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалды»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, бүгін Астана қаласын одан әрі дамытуға қатысты өтіп жатқан жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев лифттерге қатысты тұрғындардың шағымдарына тоқталған болатын.
Мемлекет басшысы лифтілердің жағдайы көңіл көншітпейтінін атап өтті. Соңғы кезде Астанада лифтілерге қатысты төрт оқиға болған.
«Жалпы, бұл мәселе барша Қазақстанға қатысты. Адамдар лифтілерді күнделікті үздіксіз пайдаланады. Осы салада тәртіп болуы керек. Бұл тұрғыда оларды күтіп ұстау мен уақтылы тексеру үшін тәртіпке келтіру қажет. Лифтінің тексерілгені туралы, сондай-ақ ешбір үрейсіз оны пайдалануға болатындығы жайында тиісті қадағалау жүзеге асырылған жөн», - деді Мемлекет басшысы Астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңес барысында.


.jpg)