
Астанада «Қазақ Елі» монументі алаңында Наурыз мейрамын мерекелеуге жиналған жұртшылық ерекше рекордқа куә болды
Қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Спатаев үш шегеге (ұзындығы 30 сантиметр) тұрып кеудені жерден көтеру спорты (отжимание) бойынша рекорд орнатты. Бұл рекордқа елордадағы «Қазақ Елі» монументі алаңында Наурыз мейрамын мерекелеуге жиналған жұртшылық куәгер болды.
«Өздеріңіз байқағандай, мұндай жаттығуды істеу оңай емес. Тепе-теңдікті сақтау өте қиын, яғни күнделікті өмірде кеудені жерден көтеру жаттығуын жасап жүрген адамдар осыны жақсы біледі. Үшжүздік шегеге тұрып, тепе-теңдікті сақтап, осындай батыл қадамға бару - кез келген адамның қолынан келе бермейді. Жаңа сахнадағы есептеу барысында 13 рет саналды, бірақ біз 11 санын тіркейміз. Себебі 11 мәрте таза жасалды», - дейді Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Шыңғыс Құдайбергенов.
Айта кетерлігі, Тимур бұған дейінгі дайындық кезінде шегенің үстінде тұрып кеудені жерден 20 рет көтерген екен.
«Дегенмен де, осының өзі үлкен жетістік. Бұл ретте біз өзіміздің құттықтауымызды жеткізгіміз келеді және Қазақстан рекордтар кітабының сертификатын табыстаймыз. Аталған сертификат шегеде тұрып осы жаттығуды елімізде бірінші болып жасаған Тимур Спатаевтың Қазақстан рекордтар кітабына ресми түрде енгенін растайды», - дейді Шыңғыс Құдайбергенов.

Өз кезегінде Тимур Спатаев қол жеткізіп отырған бұл жеңісін Наурыз мейрамында Астананың 20 жылдығына арнайтынын атап өтті.
«Бүгін «Қазақ Елі» монументі алаңында Қазақстан рекордын орнаттым. Осы орайда жастарға, бүлдіршіндерге спортпен шұғылданып, өзінің алға қойған мақсатына жетіп, биік табыстарды еңсерсін деп тілеймін. Осы шарада қолдау білдірген ел халқына үлкен алғысымды айтамын. Бұдан ары қарай да рекордтарды жаңартуға тырысамын», - деп тоқталды Тимур Спатаев.
Оның сөзіне қарағанда, әлемде үш шегенің үстінде тұрып осындай жаттығуды жасаған адамдар бар.
«Қазақстан бойынша рекордты жаңартып отырған бірінші адам ретінде тіркелдім. Осыған екі жарым жылдан бері дайындалдым. Дайындық кезінде бұдан да көбірек жасап жүрдім. Бұған дейін шегенің үстінде тұрып 5 рет жасағанның өзі рекорд болатыны айтылған. Астананың 20 жылдығына арнап 20 мәрте көтерілемін деп мақсат етіп қойған едім. Бірақ келешекте алдыма қойған мақсаттарды іске асырамын», - деді рекордшы.


.jpg)