Дизель отынын экспорттауға тыйым салынады

Елімізде ағымдағы айдан бастап дизель отынын экспорттауға уақытша тыйым салынады деп жоспарланып отыр.  Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Еліміздің шекаралық аумақтарында жанар-жағармайдың транзиттік тасымалдауда жоғары тұтыну фактілері болып жатыр. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда мұнай өнімдері бағаларының айырмашылығына байланысты болып отыр», – деді министр.

Қ. Бозымбаевтың мәліметінше, Қазақстанда АИ-92 маркалы бензині бір литрі үшін – 154,8 тг, ал Ресейде – 230,5 тг, Өзбекстанда – 273 тг, Қырғызстанда – 234 тг тұрады. Қазақстанда дизельді отынның бір литрі орташа есеппен – 193,2 тг, Ресейде – 246,5 тг, Қырғызстанда – 250,8 тг, Өзбекстанда – 208 тг құрайды.

Энергетика министрінің айтуынша, дизель отынын экспортқа шығаруға уақытша тыйм салу шарасы Қазақстанда жанармай бағасын көтермеу үшін қажет. Сондай-ақ, дизель отыны тапшылығы қаупін азайту мақсатында министрлікпен ЕАЭО нормаларына қайшы келмейтін қолданыстағы заңнама негізінде түрлі шаралар әзірленуде.

Дизель отынын экспортқа шығаруға тыйым салатын құжат желтоқсан айында енгізілуі мүмкін.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері Қазақстанда 82,4 млн тонна мұнай және конденсат өндірілсе, мұнай экспортының көлемі 66,6 млн тоннаға жеткен. Мұнай өңдеу көлемі шамамен 15 млн тонна құраса, 10,6 млн тонна мұнай өңделген.

Авторы: Інжу Балтабекқызы

Сурет: ашық дереккөзден

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған