“Алтын адамның” сүйегі қайта жерленеді

Бұдан 50 жылдай бұрын Есік қорғанынан табылған “Алтын адамның” сүйектері алдағы жылы жер қойнына қайта беріледі,  деп хабарлады “Хабар 24”.

Мамандардың айтуынша, сүйектер өте нашар жағдайда. Сол себепті олардың қазіргі күйін сақтап қалу өте маңызды.

«Алтын адамның» сүйектеріне қайтадан мұқият ДНК сараптамасын жасату керек, – дейді мамандар.

Жарты ғасыр бұрын Есік қаласынан табылған алтын киімді адам дүйім жұртты елең еткізген болатын. Десе де, сол жылдары «Алтын адамның» бағалы тастардан жасалған бұйымдары, әшекей заттарына деген қызығушылық бірінші орында болған. Ал оның сүйектері маңызды деңгейде қаралмаған. Жақында бұл сүйектер сот-сараптама институтының мұрағатынан табылған.

“Сүйектердің сақталуы тым нашар. Оның үстіне 50 жылдай қорапта жатқан. Бактериялар түскен, қазіргі вирустар кірген. Егер бас сүйегі болып, онда кем дегенде бір тісі табылғанда, ДНК сараптамасы арқылы толық ақпарат алуға мүмкіндік туар еді”, – дейді “Есік” тарихи-мәдени қорық музейі директорының орынбасары Ермек Жасыбаев.

Дегенмен тарихи-мәдени қорық музейінің қызметкерлері үміттерін үзбейді. Өйткені, даниялық оқымысты-генетиктер ДНК сараптамаларын қайтадан мұқият жүргізуге дайынбыз деп отыр. Мұндай қызметті көрсетуге Жапония мен АҚШ-тың мамандары да келісетін сыңайлы.

“Осы уақытқа дейін біз оны бір кәдімгі тарихта болған тұлға емес, бір аңыз адам сияқты қылып сондай бір дәрежеде аңызға айналдырып жібердік. Бұл негізі тарихта болған тұлға ғой, бірақ кім екені, қандай адам болғаны тарих құжаттарымен қатталмаса да мұның қабірі табылды. Сүйегі табылғаннан кейін бұл тарихта болған тұлға және қай дәуірге тиесілі екенін Кемал Ақышев жазып, зерттеді”, – деді “Есік” тарихи-мәдени қорық музейінің ғалым-хатшысы Досым Зікірия.

Өткен жылдардағы тарихтың куәсі “Алтын адамның” сүйектерін 2019 жылы арнайы капсулаға салып, қайта жерлеу рәсімінің жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал мамандар оны ежелгі сақтардың дәстүріне сай қорған көтеріп, аманат ретінде жер қойнауына табыстауға ниетті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған