Желтоқсанның ызғары: Көкшетаудан қуылған қазақты білесіз бе?

Ұялы телефоныма қоңырау шалды.

«Мен…мен Дәуренбек Қасиетұлы Тегжанов деген азаматпын. Інішек сізбен жолықсам деп едім. Уақытыңыз болса, Щучинск қаласында жездем үйіне келген едім»,-деді.

«Ә…жақсы аға жұмыста отырмын. Келіңіз»,-дедім. «Жоқ інішек, мен қаланы білмеймін Бестөбе кентінен келіп отырмын» дегенде аң-таң қалдым. Ә, жарайды орталыққа қарай келе беріңіз, бір жерде жолығайық деп қысқа ғана келте жауап қаттым. Келді. Орта бойлы жігіт ағасы. Аздаған мұрты бар. Денесі орташа. Үстінде қара куртка. Жылы амандасты. Мүйісте тұрған Қымызнайдың қымызы бар дәмханаға кіріп бірер шыны аяқ шай алдырдық.

«Бестөбе кентінде тұрамын. Күзетте істегенмін. Қазір жұмыс жоқ. Әзірге жұмыссызбын»,-деді алдындағы шайынан ұрттап қойып, жанарын тіктеп қарады. Қызық ә? Танымайтын кісі келеді де, маған өмірі жайлы сыр шертеді деймін ішімнен.

«Інішек осы тәуелсіздікті сіздерге кім алып берді?»-деген оқыс қойылған сауалға, жауап бере алмай мүдіріп ішіп отырған шайымды қолыма алып жатып, орынына қайта қойдым.

«Қалай кім алып берді? Қазақ жастары. Рухты азаматтары мен азаматшалары».

«И…ә сол рухты, жүректі азаматтың біреуінің жігері құмға айналып, көптің бірі қолдың кірі болып алдыңда отыр. Ешкімге керексізбін. Күні кеше азаттықтың ақ жолына басын тіккен қазақ жастарының арасында бұғып қалған, бұғынып көлеңкеде қалған сужүрек,  қорқақтар,  ездер,  әңгілер мен езбелер бүгінгі  таңда сахнада батыр болып, оғлан болып, бағлан болып сөз сөйлеп, көздерінің жасын сүртіп жастарға дәріс айтып иықтарын қопаңдатып қойып жүр. Сенесің бе сен?»-дегенде тіл қата алмай қалдым.

Расында да алдымда отырған тобықтай ғана жігіттің жүзінде бір сыр жатыр. Қатпар-қатпар мұң, ақтарылмаған өткен күннің парағы жатқандай. Қайта шай алдырдым.

«Дәке, кешіріңіз…сіз демек желтоқсан оқиғасына қатысқансыз ғой қателеспесем» дедім. Осылайша ол әңгімесінің тізгінін сыпырды. Мен тек үнсіз тыңдаумен болдым. Сонымен ол әңгіме былай болды:

«Желтоқсанға? Иә…қатыстым. Нәтижесінде Көкшетаудан жер аударылдым. Сол сексен алтыдан бері Көкшетау қаласы десе жүрегім лоблиды. Көз алдыма майор Гард, капитан Андреев, сол кездегі прокуратура қызметкерлері, қазір заң саласында қорғаушы болып түк көрмегендей болып жүргендер елестеп түн баласы кірпік ілмеймін. Білесің бе, жаныма бататыны нәсілі бөлектерді қоя тұршы оларға керегі сол кездегі КСРО-ны тұтас болуы еді.

Жастардың алдында, қоғамда жасанды батырлар үлкен мінбеде жыл сайын атаулы күні һәм он алтыншы желтоқсанда орден алып, омырауына тағып жүргендерді естігенде ызадан күлемін. Е жетіскен екен мына қоғам  жасанды батырды балшықтан жасап алып. Шын батырлар, ақиқаттың ақ жолына бас тіккендер, мен сияқты не ана Қ. Рұсқұловбеков, Ләззәт Асанова т. б сияқты жер құшты, тірілері көрешекті әлі көріп ешқандай шындыққа қол жеткізе алмай көшеде жүрміз! Ащы да болса, ақиқаты сол. Көкшетауда болған ұлт бостандығы үшін көтерілісте бас көтерген мен, Гауһар Кәрімова, Гүлжан Ертаева, Дина Солтанбаеваларды кім керек қылып, кімдер елеп жатыр!? Ешкім. Ешкімге де қажеті жоқ. Сол қыздар 1986 жылдың он алтыншы желтоқсанынан бастап, құзырлы орынның қызыл жағалыларынан талай соққы көрді ғой. Көрді. Оны мен білемін. Көзбен көрген! Ал тфу-у қандай бәрі жасанды. Жасандылық. Жалпы қазіргі мен Қызылту ауданына қарасты Қайрат ауылының тумасымын. Дәл сол жылы Көкшетау қаласындағы ЦПТУ-дың жатақханасында комендант болып қызмет істедім. Бір күні түс әлетінде Бикеш апай Алдабергенова келді. Бұл кісі көп сөзге жоқ, ұлтжанды, бірбеткей адам еді. Д. Қонаевтың туған бөлесі дейді. Кім білсін?

-Жігіттер естідіңдер ме, Қонаевты ағамызды орынан алып тастап Колбин деген біреуді әкеліп қойыпты. Алматыда жастар толқуға түсіп, бейбіт шеруің өткізіп жатыр екен. Бізде елімізді жергілікті қазақ кадры басқарсын деп бейбіт шеру ұйымдастырайық деді. Ел емеспіз бе, көшеге шығып құқығымызды қорғайық. Ұлтымызды кім-көрінгенге аяқ асты етпей,-деді. Иә…жанды сөз, жанымды қамшыдай осып өтті. Шығамыз апай дедім. Дереу жігіттерді жинап алып үлкен плакат әзірлеп, елімізді ұлтымыздың арасынан шыққан азамат басқарсын деген жазумен ертеңіне көшеге шықтық. Қолымызда плакат! Көшемен келе жатқанбыз…қарасақ көкшетаулық студент жастардың біразы бейбіт шеруге шығыпты. Айнала қоршалған. Ә, айтпақшы…сол күні түнде апайдың сөзінен кейін жігіттерді жинап алып жай-жапсарды түсіндіргенмін. Солай да, солай жергілікті кадр елімізді басқарсын деп. Басында жастар қорқып, үрке бастады. Қорқақ, ез болмау керек. Бөрік киген атымызға кір келтірсек келер ұрпақтың бетіне не деп қараймыз!-деп сүйектен өтетін зілді сөзбен қайрадым. Көшеде келе жатырмыз. Бір мезетте қай тұстан шыққаның білмеймін, қызыл жағалы біреу келді де, плакат ұстап келе жатқан жігітті алып ұрды да, тепкілей бастады. Еңгезердей ашу ғой, әйтпесе шынашақтай менің оған шамам келуі екіталай еді. Жүгіріп бардым да (жас кезімде күреспен айналысқанмын) әлгіні бүре түсіп, көтеріп алып лақтырдым. Жалп ете  түсті. Сержанттар жабыла кетті, қаумалап қолымды артыма қайырып байлап апарып қамап тастады. Есімді камерада жидым. Мен лақтырған жігіт ішкі істер бөлімінің майоры екен. Спорт шебері. Аң-таң өзі де: Ей калбит, жексұрын мені әлі ешкім лақтырып көрген жоқ, саған қайдан орасан күш біткен а!-деп ежірейіп тұр. Сол күннен бастап майор Гард  көрешекті көрсетті. Күні-түні тепкілеп, тепкінің астына алады. Прокуратура қызметкерлері (қазіргі күні Көкшетау қаласында жекеменшік қорғаушы болып қызмет атқарады) өші бардай түрлі қитұрқы сауалдармен шақшадай басымды, шарадай қылады. Күледі. Келемеждейді. Ұлтқа тіл тигізеді.

Бір күні полковник Ақас Аманғалиев ағамыз; інішек мыналар саған кем дегенде он жылды мойынына ілмекші, қол қой деген жеріне қол қоя берме. Байқа текке күйіп кетпе менен қауқар болмай тұр, өзіңді күтіп бекем бол, жаман ойға берілме күніміз туар, сол кезде көреміз,-деп күйінгені есімде. Ал бірақ майор Гард дегеніне жетті. Көшеге бізбен бірге шыққан қыздардың көзінше менің қолымды байлап қойып, екі сүмелегіне оңдап тұрып соққызды. Әй дегенмен қыздардың рухы мықты-ау; Дәуренбек мойындама, шыда бұлардың дегеніне көнбе сынба деп рух беріп шырылдап отырды. Сірә оларға да жұдырық жұмсаған білем. Бір қызығы бүгінгі күні Көкшетауда студент-жастарға батыр болып жүрген сімілтір, бейшара бүрсіз жігіт « барлығын бастап шыққан осы!»-деп куә болды бет бет тұрып камераның ішінде. Бөтен емес ол менің құда балам (қазір желтоқсанның батыры екен). Тіпті майор Гардтың сұмдығын қараңыз, бірде тергеушіге айтады; Бұл сүмелекті Алматыда бас көтерген нашақорлармен байланысы бар деп құжатын толтырсақ, айғақ-дәлелі жеткілікті болмай ма? Сүйтіп-ақ, мойынына пәлен жылды іліп жібереміз,-деп отыр. Қайта неден жасқанғаның кім білсін тергеушілер «ит үредінің керімен» зәңталақтың сөзіне иланбады.  Ақыры қыздарды босатыңдар, олардың жазығы жоқ, барлығын бастаған менмін деп мойыныма алдым. Шіркін-ай, сол батыр қыздарды бүгінде кім дәріптеп, құрметтеп жатыр екен ә? Ешкімде үкімет тарапынан тиісті бағасын алды ма екен? Кім білсін әйтеуір телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Жағдайлары жаман емес. Өткен күнге өкінбейді. Тарихтың соқпағы бүгін жабық шығар. Бірақ түптің-түбі аршылып шындықтың жалауы желбірейтін сәт туар. Ақыры барлығын өз мойыныма алдым. Бірде мойындаймын, бірде мойындамаймын қулыққа көштім. Уақытша ұстау изоляторында жаншушы ұлттың сержанттары маған әкелген тамақты езіп, қолдарымен мылжалап үстіне су құйып «ал же» деп бере салады. Ол күні екі күн аш боламын, үшінші күні қазақ жігіті күзетшілікке түскенде асханадан қалай әкелді, солай тапсырады.   Ақыры мен әжемнің бауырында өскенмін. Сотқа апарамыз дегенде, зорлап, ұрып-соғып мойындатты деп, қарсы шығамыз деген соң, амалдары таусылып отырған-ды. Сотта басқаша сөйлеймін дедім. Ақас аға Аманғалиев заңдарды сыбырлап ақырын үйретіп кетеді. Жалпы сол кездегі СССР-ның заңына сәйкес мені 60 бап бойынша соттамақшы болды өте ауыр жаза. Ақыры қу мүйіз тергеуші маған «әжең қайтыс болыпты, бірсүгіні күні жерлейді екен» егер мойындасаң  топырақ салуға жіберемін деп ыржиды. Сол күні кешке сотқа баруға келісім беріп, бастап шыққан менмін деп қолымнан қолхат бердім. Ертеңіне таң ата автозекпен қасымда екі «омонның» жігіті бар, саяси тұтқын ретінде қолым кісендеулі ауылға бардым. Мәйітті енді шығарып жатыр екен. Үлгеріп топырақ салдым. Әкемнің ұнжырғасы түсіп кетіпті. Бар айтқаны  «Әй балам-ай, құрттың ғой бәрін  ана авдокат ағаңды коллегиядан қуыпты. Сенің кесірінен, мені жұмыстан қудалап жатыр»,-деп күрсінді. Ақыры сот болды. Сот өзіміздің қазақ. Есімің айтпай-ақ қояйын өмірде жоқ шығар. Сол кездің өзіңде мосқал адам да. Көңілі түсті ме, жоқ әлде кім білсін маған бес жылға шейін, облыс орталығы Көкшетауға келуге болмайды деп үкім шығарып шартты түрде жаза кесті.

Елге бардым. Көктем шыға жүнтөстер совхоздың ірі қарасына баз салды. Соған жұмысшы болып кірдім. Бірде түске таман, шешеннің бір дөйі ішіп алып, қазақтың жігітін төмпештеп  балағаттап ұрып жатыр екен. Қой десек қоймайды. Ақыры төбелес басталды. Басты рөлде мен ойнаппын. Қаным әбден басыма шапқан ғой, әлгі жүнтөсті соққыға жығып тастаппын. Шулап жүріп шешендер үстіме арыз жазды. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы әкемнің досы да. «Ит неме сол, көрешекті сен көрсеттің-ау деп мені Бөстөбеге апарып, сонда жұмысқа орналастырды. Содан бері Бестөбе кентінде тұрамын. Жұмыс жоқ, жұмыссызбын.  Түк жазығым болмаса да абақтының қандаласына таланып, біраз таяқ жедім.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, Гард түсіме кіріп маза бермеді. Талай тепкіледі ғой мені. Сұмдығы сол тепкен сайын айызы қанып ұлтымызды жеті атасынан бермен қарай боқтап, қойға, малға, есекке теңеп тебетін. Тоқсан үшінші жылы жігіттерден сұрау салып жүріп іздедім. Зейнеткерлікке шыққан соң Қызылтуға көшіп кетіпті. Іздеп бардым. Үй-жайын тауып алдым. Нағыз он алтыншы желтоқсан күні аңдып отырдым. Астында «нива» көлігі бар түннің бір мезгілінде қонақтан келді. Әйелі үйге кіріп, гаражға машинасын қойып шығып келе жатқанда, ұстап алып итше тепкіледім. Бір қызығы жеті жыл өтсе де мені ұмытпапты. А Тегжанов ты что ли!-деп шошып кетті. Әбден шаршағанша соқтым. Өйткені ол да солай бізді сыз еденге салып қойып тепкілейтін-ді.Сосын барып 24 сағат уақыт беремін. Көш, әйтпесе мен үшін дүниенің қызығы жоқ,  тағдырымды сен құртқансың!-деп айттым. Мыңқылдап кешірім сұрады. Ақыры көшіп тынды. Тірі шығар. Қайда жүргені беймәлім.

Жалпы осылай болды. Жә, бұл жарайды ғой. Көрген бейнет, мехнаттың барлығы келмеске кетті. Бірақ осы желтоқсанға қатысқан азаматтарды мына һүкімет неге ескермейді. Ана өтірік батыр болып жүрген жігітті кездестірмей жүрмін. Айтатын. Әй адамды алдағанмен құдайды алдай алмайсың!-деп. Сол кездегі КГБ-ның архивтерін қопарса талайдың көз жасы, қаны мен жаны, ары жатыр ғой. Жатыр… жатқаннан не пайда, іздеушісі, із кесушісі болмаған соң. Шындықты іздеп Көкшетауға кетіп барамын. Көк-ше-тау-ға,-деп күрсініп сөзін аяқтады Дәуренбек Қасиетұлы.

Үш сағат сұқбаттасып отырып, Дәуренбектің әңгімесінен кейін  жаңағы аты аталған азаматшаларды іздедім телефон нөмірлеріне хабарласып «иә бәрі шындық» деді тек ақырын ғана. Рухты да, өр мінезді оғландарым-ай! Бестөбенің кентінің әкімшілігіне өз атымнан, ақмолалық зиялы қауым, барша қаны бір қарындас қазақтың атынан өтініш жасағалы отырмын. Дәуренбек Қасиетұлы Тегжановты тауып алып мұң-мұқтажы болса көмектесіп жіберсеңіздер екен. Азаттық үшін мехнат, азап шекті ғой. Кім үшін? Бүгінгі болашақ үшін, сіздердің азат елдің ауасын жұтып, еркін ойлы болсын деп атқа қонды. Бостандық үшін тар ноқтаға басы симаған ерді, ел болып өзіміз қадірлемесек, басқаға ол керегі де жоқ.

Жалпы көкшетаулық желтоқсан жастарын зиялы қауым өкілдері ақпарат бетіне жиі шығарып насихаттау керек сияқты. Қашанға жауырға жабу сала береміз. Азаттық әлде біреулер айтып жүргендей ана мен мынаның арқасында келген жоқ. Қазақ жастарының рухымен, ұранымен көз жасымен келді. Біз мойындамасақта кәрі құлақ тарих мойындап отыр. Демек күндердің күні күмбірлейді.

Бурабайдың Жеңісі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған