«Тең IT-мүмкіндіктер әлемі» жастар лагері» атты бірегей жоба жүзеге асуда

2019 жылдың қаңтарынан бастап мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған «Тең IT-мүмкіндіктер әлемі» жастар лагері» жобасы жүзеге аса бастады. Осыған орай,  24 қаңтарында Астана қаласында баспасөз маслихаты өтіп, онда спикерлер жоба мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Бірегей жоба негізінен еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдарды IT саласына тарту арқылы әлеуметтік оңалтуға арналған. Бұл ретте жобаға қолдау көрсеткендер ең үздік әлеуметтік бағыттағы IT–шешімді  жүзеге асырған командаларға грант беруді көздеп отыр.

«Қазақстан азаматтарының әлеуетін дамыту «Шеврон» компаниясының елімізде жұмыс атқарып жатқан 25 жылдың ішіндегі барлық әлеуметтік бағдарламаларға негіз болып келеді. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемасын шешуге күш салдық және жастардың экономикалық мүмкіндіктерін ұлғайттық. Бүгін біз тұсауын кесіп жатқан жоба да көпшілікке жағымды әсер ететініне үміттіміз», – дейді «Шеврон» компаниясының өкілі Айнұр Сыдықова.

Жоба мүгедектігі бар адамдарға жұмысқа орналасу барысында бәсекеге қабілетігін дамытуға ықпал етеді. Айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі адамдардың табысқа қол жеткізу жолындағы негізгі кедергілері ретінде   оқу орындарының қолайсыздығын, әдістемелік оқулықтардың және басқа да оқытудың балама ресурстарының болмауын айтуға болады .

Осыған байланысты, жоба шеңберінде аралас оқыту сияқты заманауи технологиялар қолданылады, оның құрылымына онлайн-құралдар, инклюзивті тәжірибелер мен әдістемелр, менторлық бағдарлама және іске асып жатқан жобаларға практикалық тарту кіреді. Нәтижесінде жобаға қатысқандар бәсекеге қабілетті білім мен өз бетімен оқу дағдысын игереді.

«Ерекше Таңдау-Шелек» Корпоративтік Қорының бағдарламалау директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, бұл бастаманың ерекшелігі баршылық. «Қазір біздің мемлекетімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарды оқытатын әр түрлі курстар көп. Оқыту жобалары негізінен адамдарды жаңа біліммен қамтамасыз етеді. Ал «IT-лагерь» бұл білімдерді дәл қазір пайдалануға шабыттандыру үшін қажет, себебі терең білімді адамда кейде білімін пайдалануға дайын емес», дейді Захира Бегалиева.

Бұл жоба «Samruk-Kazyna Trust» КҚ және «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асады. Жобаның ұйымдастырушылары «Ерекше Таңдау-Шелек» КҚ «Мойымайтын Мүгедектер Қоғамы» Қоғамдық бірлестігі және «Орталық Азияның Евразия Қоры» КҚ.

 

Авторы: Айдар Оспанбатыр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған