
BBC Future шолушысы әлеуметтік желіні пайдаланушыларға белгілі бір іріктелген ақпараттарды мұқият нұсқай отырып, олардың пікірін өздеріне білдіртпей өзгертуге бола ма деген мәселеге бас қатырып жүр.
Қазір ақпараттық технологиясыз өмірді елестету мүмкін емес. Алайда, бәзбіреулердің жасап шығарған компьютерлік бағдарламасы біздің қабылдайтын шешімімізге әсер етеді деген факт алаңдатарлық.
Бұл аз десеңіз, біз тіпті танып, білмейтін қайдағы бір адамдар, біз оқығымыз келетін оқиғалар туралы қажетті ақпараттарды, жаңалықтарды іріктеп, тіпті біздің неге көңіл аударуымыз керек, ал нені оқымай-ақ қойсақ та болатыны туралы сыртымыздан шешім қабылдай бастапты. Белгілісі, пайдаланушылар көретін немесе көрмейтін жаңалықтарды іріктегенде «Фейсбук» редакторлар командасын пайдаланады екен.
Адам машинаны емес, машиналар адамды басқарып барады деп байбалам салатын адамдарға бұл тіпті парадокс. Әйтсе де, кәдімгі «тірі редакторлармен» байланысты осы проблеманың өзі алгоритмдегі тазалықтың, мөлдірліктің жоқтығын көрсетіп отыр. Ал сайтта аса өзекті тақырыптарды топтап, іріктеу антиконсервативтік бағыт алатын болса, консервативтік жаңалықтар мен пікірлерге жеткілікті назар аударылмайды. Осының өзі қарама-қайшы айыптауға ұрындырады. Алайда, Facebook-тың өзі бұндай айыптауларды табанды түрде жоққа шығарып келеді.
Технологиялар әлемі туралы жаңалықтарында Gizmodo баспасы бұл мәселені алғаш рет наурыз айында көтерді. Онда тіпті ешқандай саяси астар табылмаса да Facebook компаниясы үшін компромат бола алатын негізгі екі себепті көрсетілген болатын.
Біріншіден, жалдамалы редактордың болуының өзі «ақпарат материалдарының алдын ала сараланбайтыны туралы иллюзияға» зиянын тигізеді.
Екіншіден, «жаңалықтар бөлімінің кураторына» қатысты қарым-қатынас бағдарламалық қамтамасыз етуге қарағанда әлдеқайда жақсы.
Олар нақты нұсқаулар алмайды, сосын сандық норманы қатал сақтай отырып «оқылатын ақпараттар» деген секілді көмескі түсінікті басшылыққа алуы тиіс.
Қысқасы, бұл жағдайда жаңалықтарды қолмен іріктеп бөлу мен идеологиялық біржақтылық қана маңызды емес, одан да маңыздысы ақпарат алмасу үшін ең ықпалды платформаны пайдаланушылар нені оқуы керектігін өзінің пікірің бойынша таңдап алуда болып отыр.
"Фейсбук" секілді ресурстар ақпарат пен жаңалықтарды іріктеуге қауқарлы, бұл үшін тіпті «қызықты ақпараттар» сияқты айқайлап тұратын тақырып қойып немесе «өзекті» деген айдарды пайдаланып ақпараттар мен жаңалықтарды сүзгіден өткізуге де бара алады. Ал бұл жағдайда желіде отырған адам жаңалықтардың қалай таңдалатынын, тіпті оның өзі үшін іріктеліп жататынын еш білмейді де, сезбейді де.
Негізі бұл аса маңызды мәселе. Өйткені мәліметтің өңін сәл-пәл өзгертіп жіберудің өзі адамның жүріс-тұрысына әсер етпей қоймайды.
Ал мұның қалай орын алатынын түсіну үшін бихевиористердің (адамның мінез-құлқын зерттейтін психологтар) әлемде үкіметтердің кеңінен қолданатын «итермелеу» технологиясы секілді әдісін қарастырайық. Оның мәнісі: адамға өзін қалай ұстау керектігін оған білдіртпей айтып отыру.
Бұған орган донорлығына келісім беруге қатысты «презумпция» мәселесі де анық дәлел бола алатын еді. Бұл адам органын алу үшін оған оның бұл туралы келісімінің еш қажеті жоқ, оның орнына бас тарту туралы жазбаша хат болмаса да жеткілікті дегенді білдіреді.
Яғни, бір презумпция донорлар санын айтарлықтай арттыруға жеткілікті бола алады.
Ал бұның несі жаман? Мәселен, осы технологияны сынаушылар әлгіндей адамға таңдау жасау үшін қажетті ақпараттар берілмегенін алға тартады.
Institute of Art and Ideas ресурсындағы мақасалында журналист Ник Хэркэуэй «итермелеудің» мақсаты саясатты халықтың еркіне қарай икемдеу немесе қандай да бір мәселені бүге-шігесіне дейін түсіндіру емес, керісінше халықтың ерік-жігерін биліктің өзіне қажетті саясатқа қарай икемдеу болып табылады деген пікір білдірді.
«Таңдау – бұл әдет, дағды, тіпті мидағы архитектураның аз болса да өзгерісі. Ал оны қайрау үшін практика қажет», - деп есептейді ол.
Сонда бүгінгідей цифрлық әлемде қандай технология қолданылады?
Онлайн-кеңістікті шарлаған адам «не сатып алу керек» дегеннен бастап, «кімге сену керек» дегенді ажырата алмай дал болары анық. Ақпараттық технологияның «құлағында» отырған мамандар біз қабылдайтын шешімдерге әбден әсер ете алады. Бұл ретте мәліметтерді сүзгіден өткізуде "Фейсбук" қана күнәға батып отырған жоқ. Неше түрлі гаджеттер мен интернет құралдары арқылы жалған интеллектке жаппай әуестену арқылы ақылды ұсыныстар жүйесі пайда болған.
Google да, Apple де, Аmazon да ақпарат беруді дербестендіру технологияларын елемей қоймайды.
Алайда жоғарыда айтылғанның бәрі – бұл адам мен машинаның өзара күрес мәселесінен гөрі, ақпараттандыруды таңдау мен «дұрыс» таңдауға итермелеу мәселесіне келеді.
Барынша өзекті ақпаратқа ие бола отырып, біз ең дұрыс шешімді қабылдаймыз – бұл ақпараттық технологиялардың негіз қалаушы принцптерінің және сонымен бір мезгілде аса маңызды басымдықтардың бірі.
Италиялық техника философы, «Төртінші революция» кітабының авторы Лучано Флориди бұл процессті «этикалық конструкция» (pro-ethical design) терминінің көмегімен суреттейді. Бұл ретте Флориди адамды саналы түрде маңызды шешім қабылдауға және сол үшін өзіне жауапкершілік алуға итермелейтін теңгерімді және анық ақпараттың қандай болатынын біледі.
Флориди «апараттық жүйе адамның қандай да бір мәселеге қатысты этикалық жағына көбірек үңілуіне кедергі келтірмей, қайта көмек құралы болуы керек» дегенге сенімді. Ал бұл үшін артық «итермелеуден» қашу керек.
Орган донорларының презумпциясын енгізудің қажеті жоқ: адамдар өз таңдауын саналы түрде жасуы тиіс. Өзекті мәселеге қатысты біреуге дайын жауаптар тықпаламау керек: пайдаланушылар өздері салмақтап, сұрақты өздері қойсын, сол арқылы жүйені жетілдіру керек.
Монитордың екі жағында ақпарат қаншалықты симметриялы (жүйе сіз туралы, сіз жүйе туралы білетін болсаңыз) болса, онда сіздің шешіміңіз жасырын стимулға реакция беретін тәуекелі де жоғары болады.
Бұл проблеманың қарапайым шешімі де жоқ. Сонымен бірге оның артында ешқандай да үлкен сатқындық жатқан жоқ.
Шындығында бағдарламалық қамтамасыз етулер мүмкіндігі мен редакторлық бақылауды әдемі үйлестіру бүкіл әлемде жиналып жатқан ақпараттардың толассыз ауқымын сүзгіден өткізудің жалғыз жолы болып табылады.
Бұл ретте технологияны жасаушылардың мақсаты мен біздің мақсатымыз еш ұқсамайтынын есте сақтау керек. Адам немесе алгоритмнің қайсысы делдал болып шығатыны маңызды емес, маңыздысы адамның алдын ала ойлау қабілетін ешкім еңсере алмайды. Осыны естен шығармау керек.


.jpg)