Бүгін Астанада Шанхай ұйымының тарихи саммиті ашылады

Бұл саммиттің тарихи болатын себебі, осы жиында Азиядағы аса ірі екі ел Үндістан мен Пәкстан ШЫҰ-ның мүшесі болып қабылданбақ. Осылайша ұйымға мүше елдердің тұрғындар саны Жер шары халқының жартысына жуығына – 44%-ына тең болмақ. «Алтылық сегіздік болып ұлғаяды. Осыла            йша ұйым барлық көрсеткіштер бойынша абсолютті жаңа сапаға көтеріледі» деген болатын ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов  саммит қарсаңында.

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін саммитке Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан басшылары қатысады.

Парижде тұратын өзбек саясаттанушы Камолоддин Раббимовтің пікірінше, Батыс елдерінің бірлігіне сызат түсіп жатқан қазіргі уақытта Шанхай ұйымының кеңеюі әлемдік күштер балансына әжептәуір өзгеріс жасауы мүмкін. Президент болып Дональд Трамп сайланған соң АҚШ батыс әлемінің идеологиялық лидері, либералды құндылықтар мен адам құқықтарын басты қорғаушы айырылды. Мамандар 2030 жылға қарай АҚШ-тың әлемдегі ең ірі экономикасын мәртебесінен айырылып, бұл көрсеткіш бойынша бірінші орынға Қытай шығатынын айтады. Бұл тұрғыдан алғанда ШЫҰ-ға ядролық қаруға ие екі ірі елдің кіруін «көпполярлы әлемге» жасалған алғашқы қадам деп санауға болады. «Осылайша АҚШ-тың әлемік ықпалы бұрынғыдан да азайып, нәтижеде әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыздануы мүмкін» дейді Раббимов.

Қытай Иранды кіргізуге қарсы

Алайда, оның пікірінше ШЫҰ-ны НАТО-ға қарсы аналог деп сипаттауға әлі ерте.  Оған себеп – ұйымның өз ішіндегі келіспеушіліктер. Мәселен, Қытай Шанхай ұйымында АҚШ-қа қарсы көңіл-күйдің басым болмауын қалайды. Сол себепті Пекин Ресейдің ниеттенуіне қарамастан, Иранды ШЫҰ-ға қосуға келіспей отыр.

Сәуір айында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «БҰҰ санкциялары алынды, енді Иран ШЫҰ талаптарына толық сәйкес келеді» деген болатын. Және бұл мәселені Астанадағы саммиттің күн тәртібіне енгізуге уәде берген-ді.

Қытайға ШЫҰ не үшін керек десек, Пекин үшін ең басты мәселе – қауіпсіздік және экономика. Қытай өзінің тауарларын өткізетін жаңа рыноктар тапқысы келеді. Орталық Азияда тұрақтылық болса, Қытайдың қауіпсіздігіне төнетін қатер де азаяды. Орталық Азияда демократиялық процестер дамыған жағдайда өзбектерге жақын ұлт – Қытайдағы ұйғырларда сепаратистік қозғалысқа белсенді қозғау түсуі мүмкін. Сондықтан Пекин аймақта белгілі бір дәрежеде авторитаризм болғанын дұрыс санайды.

Ал Ресей болса, Шанхай ұйымы Батыстың әлемдік ықпалын төмендету үшін маңызды деп біледі. «ШОС арқылы Путин Үндістан мен Пәкстанға ықпал ете алады» дейді Раббимов.

Ал Орталық Азияның мүддесі туралы айтар болсақ, мұндағы елдер экономика және қауіпсіздік саласында қосымша мүмкіндіктерге ие болуы мүмкін. Және ұйымға Пәкстанның кіруі Ауғанстанда тұрақтылық орнай ма деген үміт туғызады. Алайда, екі бірдей аса ірі ел қосылған соң, ұйымдағы Орталық Азия елдерінің, оның ішінде Қазақстанның ықпалы азаюы ықтимал.

Соғыс жағдайындағы екі елдің қосылуы ұйымның бірлігіне күмән туғызады

ШЫҰ-дағы ынтымаққа қатысты скептицизм де бар. Мысалы, үнді эксперті Фунчок Стобан ұйымға мүше елдер аймақтық ынтымақ деген желеумен ең әуелі өздерінің стратегиялық мүдделерін шешуді ойлайды деген пікірде.

«ШЫҰ-ның кеңеюі – ең әуелі ондағы ішкі қайшылықтарды көрсетеді. Ресей, Қазақстан және Тәжікстан ұйымға Үндістанды кіргізуді талап етті, осылайша олар Қытайдың ықпалын төмендеткісі келді. Ал Қытай болса Ресейдің ықпалын төмендету үшін Пәкстанды қосты» дейді Стобан. Осылайша ұйымға өзара қақтығысушы екі ірі мемлекет кіріп отыр. Мұны үнді маманы түбінде жарылуы мүмкін бомба деп бағалайды. Өйткені, Үндістан да, Пәкстан да ШЫҰ-ны өз мүдделерін өткізу үшін пайдалана бастайды.

ШЫҰ – 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан құрған халықаралық ұйым. 2016 жылы Өзбекстанда болған саммитте ұйымға Үндістан мен Пәкстанның кіруі туралы меморандумға қол қойылды.  Бүгінде Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия – ұйымның бақылаушы-елдері. Шанхай ұйымына Еуропамен қарым-қатынасы нашарлаған Түркия да кіргісі келген дейді сарапшылар. 2004 жылы ұйым АҚШ-қа бақылаушы мәртебесін беруден бас тартты. Бұл ШЫҰ-ның батыс коалициясына қарсы одақ ретіндегі пікірлердің бекуіне себеп болды.

 

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту