АҚШ президенті Дональд Трамп пен КХДР лидері Ким Чен Ынның тарихи кездесуі алдағы айда өтетіні туралы әлем баспасөзі жарыса жазуда. Алайда ол кездесу қайда өтеді? «Нью Йорк Таймс» газеті қолайлы жер ретінде Моңғолияны атайды

Расында Дональд Трамп пен Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ынның кездесуін ұйымдастыру мәселесі екі елдің лауазымды тұлғаларының бас ауруына айналғандай. Бұл жерде ең бастысы «Ким Чен Ынның Совет үкіметі дәуірінен қалған ескі ұшағы Пхеньяннан қанша мың шақырым қашықтыққа ұша алады» деген мәселе де бар екені байқалады. АҚШ-тың Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің Солтүстік Корея мәселесі жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, Орталық барлау бюросының ардагері Терри былай деген еді: «Біз Солтүстік Кореяда ұшақ бар екенін білеміз. Бірақ ұшақ өте ескі». 2011 жылдан бастап ресми Пхеньянға билікке келген Ким Чен Ынның бұл ұшақпен қандай сырт елге сапарлағаны беймәлім. Сондықтан, дәл осыған қатысты мәселенің басы ашық екені де рас.

Ким Чен Ын тарихи кездесу үшін басқа елден ұшақ жалға ала ма?

Солтүстік Кореяның жас көсемі басқа елден ұшақ жалдауды қаламайтыны анық. Олай болса кездесу, өткен айда Ким Чен Ынның Бейжіңге жасаған күтпеген сапары тәрізді Пхеньяннан пойызбен баруға болатын жақын жерде өтуі әбден кәдік. Бұған Ақ үй тарапы да өз жауабын берген. Президент Дональд Трамп кездесу ұйымдастыруға болатын бес елдің біреуін таңдайым деп мәлімдеді. Ал ол бес елдің қайсысы екі тарап үшін де қолайдан шығады. Расында Трамптың Пхеньянға барып Ким Чен Ынмен кездесуге толық мүмкіндігі бар, ұшағы да әлемнің кез-келген нүктесіне қона алады. Бірақ тәкәппар Трамп Ким Чен Ынның алдында кішіреймейтіні тағы белгілі. Сондықтан, Пхеньяндағы кездесу мүмкіндігі туралы айтпай-ақ оюға да болады.

Еуропа ше?

Кездесуді Швеция не Швейцария сияқты бейтарап елдерде өткізуге ұсыныс білдіргендер болды.  Соның ішінде американың ресми тұлғалары бейтарап елде, Еуропада, соның ішінде Швейцарияда кездесу өткізуге болады деген ниетте. Жоғарыда айтылған екі ел де Құрама Штаттармен және Солтүстік Кореямен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқан және өздері де кездесуді өткізуге қарсы емес екендігін білдірген. Айта кетерлігі, 1985 жылы  АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейган мен Михаил Горбачевтің де  тарихи кездесуі Женевада өткені белгілі. Бұл ұдайы тайталасып жүретін екі алып держава арасындағы дипломатияның жеткен жетістігі ретінде тарихта жазылды. Осындай тарихи орында тарихи кездесудің қайталануы мүмкін бе? Әбден мүмкін, алайда олай бару үшін, Ким Чен Ынға жақсы жабдықталған ұшақ қажет.

АҚШ?...

Ким Чен Ын ұшағының қуатын есепке салғандар Солтүстік Кореяға ең жақын АҚШ–тың  Гавай және Гуам аралдары екенін алға тартады. Әйтсе де, мұнда жету үшін ұшақтың жолда жанармай құю үшін аялдауына тура келеді немесе тоқтамай жететін басқадай үлкен ұшақты жалға алудан басқа амалы жоқ. «Алайда, Солтүстік Кореяның көсемі шетелден ұшақ жалға алуды масқара әрекет деп санайтындықтан бұл ұсынысты қабылдай алмайды» дейді сарапшылар.  

Корей түбегі?

Келіссөзді өткізу бойынша Корей түбегіндегі екі ел арасындағы шекараны жалғайтын  қарулы күштерден тысқары аймақ Панбунгун елді мекенінде өткізу баламасы да қарастырылады. Екі елдің Үкіметаралық кездесуі өткен Панмунжон бейбітшілік сарайына  Ким Чен Ын автокөлікпен үш сағатта  бара алады. Ұшақ қажет емес. Сарапшылардың пікірінше, Америка Құрама Штаттарының Президенті Ким Чен Ынға өзі  бірінші болып желпілдеп барғысы келмейді. Егер бұлай болған жағдайда, АҚШ Солтүстік Кореямен жүргізетін келіссөзін саудаға салудан айырмашылық жоқ деп көреді.

Азия елдері ше?

Азия шындығында «Солтүстік Корея-АҚШ» кездесуін өткізудің ең қолайлы нұсқасы болатын секілді. Өйткені, кездесу Азияның қайсыбір елінде өтетін болса Кимге ұшақтың қажеті шамалы. Пойызбен-ақ сапарлайды. Трамп та Пхеньяннан шалғайда кездескеніне қуанышты болады. Бір сөзбен айтқанда, өгіз өлмейді, арба да сынбайды. Ал Азияға назар бұрғанда екі елдің өкілдері Қытай мен Жапониядан гөрі Вьетнам, Сингапур және Моңғолияны дұрыс нұсқа деп тануда. Өйткені, Бейжің-Вашингтон қарым-қатынасы күрделі кезде, кездесуді Қытайда өткізу саяси тұрғыдан Пхеньянға жаққанымен, АҚШ үшін үлкен минус. Екінші жағынан, Құрама Штаттар мен Қытайдың ара қатынасы қазірдің өзінде көңіл-көншітерлік емес.

Ал Токиоға келсек, адам ұрлау мәселесіне байланысты Жапония мен Солтүстік Кореяның аралары ежелден салқын. Яғни, Солтүстік Корея өзінің тарихи қырғи қабақ елі Жапонияда өтетін саммитке баруы екіталай. Ресейді қарастыру да еш қисынға келмейді. Саяси  салқындық жағынан ол АҚШ-Қытай қарым-қатынасынан да нашар жағдайда тұр.  Кремльдегі билікке ұдайы «шоқпарын» көрсетіп жүрген Трамп кездесуді Ресейде өткізіп өз артықшылығын жоғалтқысы келмейді.

Азия еліндегі ең оңтайлысы – Моңғолия. Моңғолия екі жақ үшін де ең жақсы және ең қолайлы балама. Оның үстіне Моңғолияның бұрынғы президенті Цахиагийн Элбэгдорж кездесуді Улаанбаатарда өткізуге ұсыныс білдірген болатын. «Моңғолия саяси және басқа да себептермен ешкімге де ешқандай да кедергі жасамайды. Екі жаққа да ыңғайлы орын. Моңғолдар да өздерін Азия Швейцариясы деп айтқызуға құмар ғой» - деп жазады АҚШ-тың «Нью-Йорк Таймс» газеті.

 

Фото:  korrespondent.net

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту