Павлодар облысында қазақ-жоңғар қақтығысына арналған ескерткіш пайда болды

Павлодар облысындағы Май ауданында ауыл азаматтары қазақ-жоңғар соғысындағы хан Абылайдың ерлігін дәріптейтін ескерткіш белгі орнатты.


“Абылай, найза мекені” немесе “Шабанбай жайылымы” деп аталатын тарихи жер Баскөл ауылының іргесінде жатыр. Бабалардың ізі қалған киелі мекен жайында аңыз-әңгімелер шежірешілерден және ауыл ақсақалдарынан жеткен. Жаугершілік заманда Жоңғар шапқыншылары Қалмаққырылған тауының етегінде үлкен тойтарысқа ұшырайды. Дәл сол жолы жауға қарсы атой салған қалың әскер Шабанбай деген дәулетті адамның жайылымына келіп үш күн аялдапты. Жаужүрек батырлардың жолсоқты кейпін көрген жомарт бай Абылай ханның қарамағындағы жасаққа 500 сәйгүлік мінгізіп, киім-кешек пен ас-суларын әзірлеп берген деседі.

Абылай хан әскерімен тоқтаған жерге ауыл тұрғындары «Абылайхан қыры» деп атау берген. Оның мәнісін көнекөз қариялар білсе де, кейінгі ұрпақ біле бермейді. Бұл орнатылған ескерткіш белгі тарихтың жаңғырғаны десек қателеспейміз. Ескерткіш белгінің ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары мен тарихшылар өткенге көз тастап, бабалар мұрасы жайлы сыр шертті.

Тарихшы Айгүл Мұхамедиярова орнатылған ескерткіштің болашақ ұрпақ үшін пайдасы мол екенін атап өтті.

– Өз әскерімен тоқтаған,  мына найзасын қадаған жерге бүгін ескерткіш орнатылды. Осы ескерткіш болашақ ұрпақты төл тарихын білуге, тәрбиелеуге, бағалауға, мақтан тұтуға тәрбиелейді деп есептеймін, – деді Айгүл Мұхамедиярова.

 Авторы: Інжу Балтабекқызы,

Фото: 24.kz 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған