«7-20-25» өзгерді: «Баспана-ХИТ» іске қосылды, енді қайталама нарықтан да үй алуға болады

Бүгіннен бастап «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына біршама өзгеріс енді. Осыған байланысты енді бағдарлама аясында қайталама нарықтан да үй сатып алуға болады

Айта кетерлігі, «7-20-25» бағдарламасы бойынша бұрын тек құжаты бар жаңадан салынып біткен үйлерден ғана пәтерлер алу ұсынылатын. Ал ендігі кезекте қайталама нарықтан, яғни, құрылыс салушы компаниялардан ғана емес жекеменшіктегі үй иелерінің қолынан да осындай пәтерлерді ипотека арқылы сатып алуға мүмкіндік туып тұр.

«Баспана-Хит» бағыты бойынша, алғашқы жарнаның көлемі өзгермейді. Алайда проценттік мөлшерлеме Ұлттық банктің ставкасына байланысты болады.

«Мәселен, Ұлттық банктің базалық ставкасы 9 процентті құрайды. Оған тағы 1,7 процент қосылады. Осылайша, «Баспана-Хит» бағдарламасы бойынша проценттік мөлшерлеме 10,7 болады. Ипотека мерзімі – 15 жыл. Ал бастапқы жарнаның мөлшері 20 процент болып қала береді», – деді «Баспана» ипотекалық компаниясының басшысы Қайрат Алтынбеков.

Оның айтуынша, жаңа ипотеканы алғанға дейін Ұлттық банктің базалық ставкасы құбылуы мүмкін. Алайда несиені алып, барлық құжаттарды рәсімдегеннен кейін қарыздың мөлшерлемесі өзгермейді. Келісімшартта қалай көрсетілді, солай сақталып қалады.

«Біз жаңа ипотеканы бере бастадық. Серіктес банктерге барып, құжат тапсырсаңыздар болады», – деп атап көрсетті Қ.Алтынбеков.

Айта кетерлігі, бұған дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек дайын құжаттары бар баспанаға ғана ипотека беріледі. Ал пәтерлердің басым бөлігі құрылыс жұмыстары кезінде сатылып кетеді. Содан жаңа бағдараламаға баспана аз қалады. Осыған байланысты «7-20-25» аясында арнайы тұрғын үйдерді салу жоспарланған.

«Баспана» басшысы Қайрат Алтынбековтың айтуынша, бүгінде бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, «7-20-25» аясында жергілікті әкімдіктерге 150 млрд теңге бөлінеді. Ол ақшаға жаңа үйлер салынуы тиіс.

«Мәселен, қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарында «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген ипотеканың көлемі тым аз. Себебі, аталған өңірлерде жаңа тұрғын үйлер көп емес. Осыған байланысты Ұлттық банк «Баспана» ипотекалық компаниясымен бірлесе отырып, «7-20-25» бағдарламасына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, біз бағдарлама аясында салынатын жаңа үйлерді арттыру үшін шамамен 150 млрд теңгені бөлуге әзірміз» – деді Қайрат Алтынбеков.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа бағдарламаға сұраныс жоғары. Алайда, ұсыныс мардымсыз болып тұр. Мәселен, осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерге 26 млрд теңгеге өтінімдер түсті. Соның ішінде 18 млрд теңгенің ипотекасы мақұлданды. Ол – шамамен 1 500 пәтер.

Авторы: Айдар Оспанбатыр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған