Жастар неден қорқады?

      Пікір жоқ on Жастар неден қорқады?

Дүниенің ең басты жұмбағы – адам. Он сегіз мың ғаламды жаратушы тәңір – адамды хайуаннан һәм санасы, ақылымен артық қылып жаратты. Мыңдаған ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тіршілік иесінің мүмкіншіліктері мен құдірет-күші әлі де болса жұмбақ күйінде. Сезім мен сана шайқасы, төзім мен шыдамсыздық текетіресі.

Жаңа заманда «Ұлы елдің жұрнағымыз» – деп кеудесін соққан жалаңаш ұрпақтың тілі мазаққа айналып, тарихы санада сайрамаған, қаптаған халықтың ішінен өз ұлтын танымаған сұмдықтың орын алуына не себеп? Кеңестің шыңжырлы қыспағында болған Әлихан Бөкейхановтар «Тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар» – деп өмірден сүрінбей өткен арғымақтардың жалғасы ұлттық рухсыз, жалынды жігерсіз, шектен тыс бейжайлыққа қалай жол берді? Болашақ арманы жайлы шығарма жазуға берсе, адамды адами құндылықтан айыратын ақша мен боқтыққа құмар шыбын сияқты, өмірі оңай болып көрінетін шетелді асып кету сынды бес тиындық құны жоқ армандар тізімі кетеді. Ұлт мүддесі мен ұлт тағдыры жайлы сөз қозғары саусақпен санарлық.

Өзге тілдің көлеңкесінде қалған «түркілердің тұғырлы тілі» – қазақ тілі жайлы не деп сөз қозғауға болады. Жат тілді жағадан алудың орнына, «қазақ тілін білмегенге мен кінәлі емеспін» – і арқылы өз тілін өзі өзектен теуіп, «можно на русском»-дарымен  таптап тастайды. Ал, «Мен Хас Сақпын» – деп ұрандайтындары ауылдан алыстаса болғаны, қазақы қанына сіңген ұяңдығы ма, кеудесіндегі жалыны қаланың қараңғы қағидаларымен басылып қалады. Заман талабы, мыс. Ғылым мен техника, ғаламтор – сананы улайтын «Уақытша ғана нәрсеге, Уақытын жұмсар ақымақтардың» да қатары күн санап артуда.

Міржақып Дулатұлы сөзімен айтқанда, «Ел керек, жұрт керек болса, басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кірісетіңдер» болашаққа дұрыс жол сілтеудің орнына, екі нотадан ғана тұратын ми ісігіне айналған «қазіргі жастар» әніне салады.

«Алға баспай, біткен ісі кер кетіп,

Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз, бүгіліп..» – жатқан қазақтың қамын осыдан бір ғасыр бұрын жырлаған Міржақып Дулатұлының « Сорлы қазағы» бүгінгі күннің көрінісі болып сақталуда. Тізесі шығып, бояуы сіңген бұл мәселелерді алға тартып, бүгінгі күн жастарының басты үрейі, жоғарыда аталғандарды қаламмен қозғасам да, қоғам алдында мылқау адамның күйін кешетін мен үшін «елеусіз қалған ескі ағаш» болып қалуға деген қорқыныш. Дегенмен, өзекті өртегенді айқайлап айтпасам да, шимайлап жазуға қауқарым жетті. «Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады» – деп Бауыржан атамыз айтып кеткендей, адамның заты үшін емес, қазақтың аты үшін жаумен, жүрегімдегі үрей көлеңкесімен күресуге дайынмын.

 Інжу Балтабекқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған