Нығматулинның пікірінше, экономика мен саясатта ештеңе істемеген Атамбаев кетіп бара жатып ішкі саяси мәдениетінің де жоқ екенін көрсетті

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Алмазбек Атамбаевтың айтқан сөздеріне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚР Парламенті палатасының баспасөз қызметі.

 Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан халқын өзгелердің бәрінен артық қолдап, көмектесіп жатыр. «Қырғызстан халқының да Қазақстан көшбасшысына жылы лебізбен және ризашылықпен қарайтынын білемін. Сондықтан, Атамбаевтың осындай «бос», популистік және жауапсыз сөздері біздің халықтардың бауырластық қатынасына сызат түсірмеуі керек», - деп мәлімдеді Н.Нығматулин. Спикер сондай-ақ Атамбаевтың басшылық еткен жылдарында ешқандай нәтижеге қол жеткізбегенін атап өтті. «Атамбаевтың өзіне тоқталар болсақ, өзінің президенттік еткен жылдары экономикада да, саясатта да ешқандай нәтиже көрсете алмағаны баршаға аян. Енді, кетіп бара жатып өзінің саяси, сондай-ақ ішкі мәдениетінің мүлдем жоқ екенін дәлелдеді», - деді Мәжіліс Төрағасы.

Айта кетерлігі, президенттік лауазымының соңғы күндері Қырғыз басшысы қазақ-қырғыз жағдайына қатысты тағы мәлімдеме жасап, бұ жолы да Назарбаевтың атына ауыр сөздерді айтып қалды. Нақтырақ айтқанда, Атамбаев «бай көршісінің аяғына жығылмайтынын» меңзеп, шекарадағы оқиғаны «қазақстандық блокадаға» теңеді.

Ал РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Атамбаев Қазақстан мен Қырғыз арасындағы жағдайды реттеуге Ресейдің көмегіне жүгінбек. «Өздеріңіз білесіздер, мен жақында өзімнің досым Ресей президенті Владимир Путинмен кездестім, мен сонда оған ашық айттым: егер Сізге ЕАЭО керек болса, онда оның ыдырап бара жатқанына одан әрі жайбарақат қарамауыңыз керек», — дейді Қырғыз басшысы.

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту

Ең көп оқылған