Атамбаев "бай көршінің аяғына жығылмайтынын" мәлімдеді

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қарашаның 15-і күні Тұрақты даму жөніндегі ұлттық кеңес отырысында қазақ-қырғыз мәселесіне қатысты кезекті мәлімдемесін жариялады. Бұл жолы Атамбаев «бай көршінің аяғына жығылмайтынын» айтып, тіпті шекара мәселесін «қазақстандық блокада» екенін меңзеді. Лауазымының соңғы күндерін өткеріп отырған Қырғыз басшысының бұл мәлімдемесіне Қазақстан тарапынан бірінші болып Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев үн қатты. Сенат спикері Атамбаев мәлімдемесін «долданғанның сөзі» әрі «лас шабуыл» деп атады.  

 

Айта кетейік, қарашаның 15-інде «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында қазақ-қырғыз шекарасына қатысты Алмазбек Атамбаев мәселенің мәні кеше ғана басталмағанын меңзеген болатын. Ол 2014 жылы көктемінде дәл осы секілді жағдай         қытымыр президенттің кесірінен орын алғанын, сол тұста Қырғызстанның оңтүстік облыстары газдан ажырап қалғанын алға тартты.

«Сол кезде миллионға жуық қырғызстандықтар газсыз қалды, жарықсыз қалды. Жұрт жаппай электр қуатына көшіп, ондай жүкті желі көтере алмады. Жағдай 2015 жылғы қаңтарға дейін созылды. Сол кезде де біздің саясаткерсымақтар, депутаттар президент Атамбаев қарт диктатордың аяғына жығылып, кешірім сұрасын деп шыққаны есімде.  Мен не үшін кешірім сұрауым керек? Қырғызстанның ішкі ісіне араласпауды талап еткенім үшін бе? Қырғызстан заңдарын құрметтеуді талап еткенім үшін бе? Ешкім бұдан ары бізге өзінің тәртібін орната алмайды… Мен емес, ішкі ісімізге баса-көктей араласып жатқандар кешірім сұрауы керек! Бізге өздерінің ережелерін орнатқысы келгендер сұрауы керек! Кім өзінің «қолбаласын» егемен Қырғыз президенті креслосына отырғызғысы келеді, сол кешірім сұрауы тиіс. Иә, олардың «қолбаласы» отырады, бірақ президент тағына емес, түрмеге отырады», - деп мәлімдеді Атамбаев.

Бұдан бөлек, Атамбаев «2010 жылғы блокаданы да көргенбіз, 2014 жылғы энергетикалық блокаданы да көрдік, бұл блокадан да өтерміз» деп мәлімдеді. «Президенттер, барлық диктаторлар ерте ме, кеш пе - кетеді. Кейде олар өз еріктерімен кетеді, кейде халықтың еркімен кетеді, кейде Құдайдың еркімен кетеді. Ал халықтар қалады. Көршіні сыйлау керек, көршімен дос болу керек» деді ол.

Атамбаевтың осы мәлімдемесіне Қазақстанның ресми билігі тарапынан бірінші болып ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жауап қатты.

«Атамбаевтың Қазақстанға қатысты кезекті долы сөзінен тұратын лас шабуыл тату көршіліке негізделген шынайы қарым-қатынасымызға тек кесірін тигізеді. Үлкен саясатта дәл осындай эмоцияларға орын жоқ. Қырғызстанның блокадасы туралы әңгіме де болған емес. ЕАЭО нормалары мен талаптарын орындау керек. Келіссөздердің нысаны да осы» деп жазды Тоқаев «Twitter»-де.

 

ФОТО РИА Новости

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту

Ең көп оқылған