Латыннан дамыса неге Африка елдері дамып кетпейді дейді Атамбаев.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев латынға көшуге қарсы екенін мәлімдеді деп хабарлайды қырғыздың AKИpress басылымы. 

«Латынға көшу біріктірмейді, керісінше біздің халықтарды бір-бірінен алыстатады. Іс жүзінде пантүрікшілдік идеясының ықпалымен жүріп жатқан бұл өзгеріс Ресей империясы және СССР кезінде біздің халықтарға қолданған «бөлшекте де биле» әдісін жалғастырып отыр. Өкінішке орай, бұл саясатқа ғалымдар да тартылды» деді Атамбаев.

Қырғыз президентінің сөзіне сенсек, қазіргі алфавиттен бас тарту халықтың өткенін жоғалтумен бірдей.

Атамбаевтың бұл әңгімені қазақтарға қатысты айтып отырғанын мына сөзінен де байқауға болады. Бұл жерде ол қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов кирилл жазуымен-ақ танылып еді ғой деген сыңайда сөйлейді. «Өзімізде бар игіліктен бас тартуға болмайды. Латыннан кейін келген кирилл алфавиті арқасында Кеңес одағындағы түркі елдері бір мәдени арнада болды. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезов сияқты көптеген ғалымдарымыз бен жазушыларымыз кирилл жазуымен шығармашылық еңбек етті. Бұдан олар еш жамандық көрген жоқ» деді қырғыз президенті.

Оның бұдан кейінгі сөздеріҚазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латын алфавитін енгізудің себептері ретінде айтқан дәйектерін жоққа шығаруға арналғанын байқау қиын емес.

«Мысалы, мынандай себеп айтып жатыр. Латын алфавиті барлық дамыған елдердің алфавиті, латынға көшсек елдің экономикасы дамиды дейді. Сонда қалай, иероглифтер Жапония мен Кореяның дамуына кедергі жасап па? Қытайдың дамуына кедергі жасап отыр ма? Латын жазуын қолданатын Африка елдері кедейліктен құтылып, даму жолына түсіп пе?» деп таңданады қырғыз президенті.

Әңгіме неден шықты десек, 2017 жылдың сәуірінде Қырғызстанда депутаттар Қазақстанмен бірге латынға көшуді ұсынған болатын.

Жалпы, Қырғызстанда бұл идеяны қолдайтындар жеткілікті. Атамбаевтың өзі де оған іштей қарсы емес болуы мүмкін. Бірақ елдің жұтаң бюджеті мұндай реформалар жасауға мүмкіндік бермейді. Сол себепті қырғыз президенті осындай мәлімдемелер жасауға мәжбүр.

Еске сала кетейік, осыдан бір айдай бұрын Қазақстан өкіметі Қырғызстанға 100 млн теңге көлемінде көмек беруді шешкен болатын.

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту

Ең көп оқылған