Маусымның 1-і күні Ташкентте Библияның өзбекше алғашқы толық нұсқасы «Мукаддас Китаб» деген атпен жұртшылық назарына ұсынылды.

Өзбекстанның Інжіл қоғамы ұйымдастырған шара Орыс правслав шіркеуі Орта Азия митрополиттік округінің Ташкент және Өзбекстан епархиясы территориясында өтті деп хабарлайды kultura.uz

Бұған дейін Библияның өзбекше толық нұсқасы болмаған екен. Ара-тұра үзінділері ғана шығып тұрған. Басылымның хабарлауы бойынша, бұл аударма 25 жылға жуық еңбектің жемісі. Оны жасауға кәсіби лингвистер, аудармашылар, филологтар және дінтанушылар ат салысқан. Салтанатты шара қоғам өміріндегі аса маңызды оқиға болып отыр дейді аталмыш сайт.

Христиан дінін тұтынушылар саны кеміп келе жатқанына қарамастан, Библия қазіргі уақытта әлемдегі ең жиі басылатын кітап болып саналады. Күніне әр тілде оның 33 000 данасы жарық көреді.  Әлемде 6900 тіл бар болса, оның 3223-іне Библия толық немесе ықшамдап аударылған.

Басылымның хабары бойынша, шараға Өзбекстан Дін істері жөніндегі комитетінің өкілдері, АҚШ елшілігінің өкілдері және басқа ұйымдардан адамдар қатысқан.

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту