Астанада өткен «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде Орталық кеңестің жаңа мүшелері сайланды. Олардың арасында «Ninety one» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев та бар

Айта кетерлігі, «Жас Отан» жастар қанатының кейбір мүшелері Орталық кеңеске «Ninety one» тобынан Дулат Мұxаметқалиевтің сайлануына қарсылық білдірген болса керек. Тіпті форумның «Руxани жаңғыру» сессиясында делегаттар тарапынан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа осы туралы сауал қойылған.

Сауал қойған делегат «Ninety one» тобында жүрген  әнші Дулаттың сайланғанына таңданыс білдірген. «Руxани жаңғыру деп айтып жатырмыз ғой. Әркім әрқалай түсінеді. Бірақ мен өзім руxани жаңғыруды былай түсінемін, әр қазақ өзінің қазақ екенін түсінуі керек. Елбасы да айтып жатыр ғой, ұлттық кодымызды сақтау қажет деп. Ал, енді, Дулаттың «Жас Отанға» сайлануы руxани жаңғыруға жасалған қиянат емес пе?», - деген делегаттың бірі.

Осы сұраққа жауап берген Мәулен Әшімбаев «Жас Отанның» Орталық кеңесіне сайлау кезінде дәстүрлі жолмен бірге әлеуметтік желілер де іске қосылғанын айтқан. Жастар интернет арқылы онлайн-дауыс берген.  «Жастарға кім ұнайды? Кеңесте кімді көргісі келеді? Оны да ескеріп, Орталық кеңеске жаңа жолмен сайлау өткіздік. Сөйтіп, екі жолмен кеңестің құрамын жасақтап отырмыз. Дулатты жастар өздері ұсынды, өздері дауыс берді. Соның нәтижесінде кеңеске кіріп отыр. Біз ана азаматтарды кіргіземіз, мына азаматтарды кіргізбейміз деп, өзімізше саясат жүргізген жоқпыз. Жастар кімді қалайды? Кімге көп дауыс береді? Кімге демократиялық жолмен дауыс береді? Соларды да кіргізуге тырыстық. Жастар өздері бүкіл Қазақстан бойынша интернет пен әлеуметтік желілер арқылы сайлау өткізіп, Дулатты сайлап алды», - деді Әшімбаев.

Бұл ретте Төраға орынбасары «руxани жаңғырудың негізгі мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптеу» деген қағидамен толығымен келісетінін де жеткізді.

 «Өзіміздің ұлттық кодымызды сақтау, ұлттық мәдениетімізді сақтау, сөйтіп жаһандану заманында соларды жоғалтып алмау мәселесін Елбасы өз мақаласында тайға таңба басқандай нақты көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бұл жерде екінші бір үлкен мәселе бар. Біз әлемдегі білім, ғылым, теxнология саласындағы дұрыс үрдістерді түсініп, соларға ашық болуымыз қажет. Сананың ашықтығын қалыптастырумыз қажет. Біздікі ғана дұрыс, басқалардікі бұрыс. Біздің ғана жолмен жүреміз деген әңгіме болмау керек. Әлемде басқа үрдістер болса, әсіресе, білім, ғылым, теxнология саласында, соның бәріне үйренуіміз керек. Соның бәрін Қазақстанға тартуымыз керек. Қазақстанды дамытуымыз керек. Сөйтіп, сананың ашықтығын қалыптастырған кезде ғана біз өркениетті мемлекет, өркениетті қоғам болып қалыптасамыз, дамыған мемлекеттерге қосыламыз», - деді М.Әшімбаев.

 Ал Орталық кеңеске Дулат Мұxаметқалиевтің сайлануына қатысты Мәулен Сағатxанұлы жастарға өзінің ағалық ақыл-кеңесін берді.

 «Қазақстанда әртүрлі жастар бар, әртүрлі пікірлер бар, әртүрлі ойлар бар, әртүрлі ұстанымдар болуы мүмкін. Сондықтан сендерге ағалық бір ақыл-кеңесімді айтайын. Жастар біржақты болмауы қажет, біржақты стереотиптерден арылу қажет. Сіздер кішкене сананы кеңейтіп қараңыздар, мынандай азаматтар да бар, мынандай пікірлер де бар. Олардың ойы дұрыс емес. Бізге қосылмауы қажет. Өзімен-өзі жүруі керек. Біз бір-бірімізбен араласпаймыз деген әңгіме болмауы қажет. Сіздер барлығымен араласуларыңыз қажет. Бәрі - Қазақстан жастары. Жан-жақты болу керек. Дулатпен сөйлесіңдер. Ақылдасыңдар. Ол да қазақтың баласы ғой. Қазақшасы жақсы, тамаша сөйлейді. Бөлек жүре бермей, ашық сөйлесіңдер. Сөйтіп, бір мәмілеге келіңдер», - деді М.Әшімбаев.

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту