
Смартфонның күнделікті өміріміздегі пайдасы өте көп екеніне шүбә жоқ, алайда оның тигізер зияны да бар екенін есте сақтау қажет. Біз қолыңыздағы смартфонның бала денсаулығына тигізер бес зиянына жекелей тоқталғанды жөн көрдік.
- Көру қабілеті нашарлайды
Көз дәрігерлері смартфонға ұзақ қарау баланың көрі қабілетін нашарлататынын айтады. Әдетте адам 1 минутта 15-18 рет кірпік қағатын болса, кітап оқығанда немесе видео қараған кезде кірпік қағу жиілігі 3-4 есеге азаяды екен. Мұндай жағдайда көздің ішкі шырышты қабаты құрғап, тітіркену пайда болады. Оның соңы көзді уқалау арқылы инфекция түсу ықтималдығы жоғарылайды. Сондай-ақ ұзақ уақыт өте жақын қашықтыққа қарау көздің бұлшық етінің босаңсуына әкеледі, яғни алысты көру қабілеті нашарлайды. Британдық офтальмологтар жүргізген зерттеу нәтижелері 1997 жылдан бері миопия диагнозы қойылған адамдардың саны 35 процентке көбейгенін көрсеткен.
- Омыртқа қисаяды
Байқасаңыз, бала телефонның экранына кіріп кете жаздап, үңіліп отырады. Мұндай отырыс баланың ғана емес, ересек адамның да мойны мен арқасына әжептәуір салмақ түсіреді. Кішкентай смартфон тұрмақ, алдымыздағы компьютердің мониторына сәл еңкейіңкіреп қарап отырып қалсақ, желкеміз құрысып қалатынын көріп жүрміз. Ал бұғанасы әлі қата қоймаған баланың омыртқасы тіптен әлсіз болғандықтан, тез қисайып, дұрыс бітпеуі мүмкін.
- Семіздікке бейімдік
Кейінгі жылдары қалыптан тыс етжеңді, семіз балаларды өз елімізде де жиі көре бастадық. Бұған ғалымдар негізінен фаст-фуд тағамдарды кіналайтын. Алайда соңғы кездері ғалымдар балалар арасындағы семіздікке смартфонның да әсері бар екенін айта бастады. Бұл да шындықтан алыс емес, қазіргі балалар аулада жүгіріп ойнағаннан гөрі, күні бойы үйде отырып алып, смартфондағы ойыннан рекорд орнатқанды жақсы көреді.
- Ұйқы бұзылады
Компьютер, ноутбук, планшеттер мен смартфондар – электрлі толқын тарататын құрылғылар. Олардан тарайтын толқындар біздің тәтті ұйқымызға жауапты гормондардың жұмысына әсер етеді екен. Сондықтан бала жақсы ұйықтасын десеңіз, кешкілі балаға телефон ұстатпаған жөн. Өзіңіз де гаджет қарағанда тым жақын (40 см) ұстамай, дисплей жарығын азайтқан жөн. Ұйықтағанда телефонды өзіңізден алыс жерге қойған дұрыс.
- Мінез-құлық өзгереді
Смартфон баланың мінез-құлығына да кері әсер етеді. Смартфондағы неше түрлі ойындар мен мультиктерді, олардың суреттері, сюжеті баланың жасына сай ма, жоқ па, оны ешкім қадағалап жатқан жоқ. Смартфондағы ойынға немесе мультикке бір құныққан 3-5 жасар баладан телефонды айқай-шусыз, жылаусыз алу қиын. Әншейіндегі жайдары бала күрт бұзылып, ашуланшақ болып шыға келетінін күнделікті өмірден көріп жүрміз.
Әрине, бүгінде смартфонсыз өмірді елестету қиын болып барады. Ол біздің күнделікті тіршілігіміздің ең қажетті құралына, тіпті өміріміздің мәніне айналып кетті. Олай болатын жөні де бар, заман ағымының өзі осыған – бүкіл дүниені бір телефонға сыйғызған өмір салтына икемдеп отыр. Дегенмен, осынша игілігі бар заттың да зияны шаш-етектен екенін, әсіресе балалардың денсаулығына тигізетін теріс әсері көп екенін ұмытпаған ләзім.


.jpg)