
Ақтөбеге көктем келгенде үй жануарларынан құтыру ауруы анықтала бастады
Айта кетерлігі бұған дейін Ақтөбе облысы Қызылжар ауылдық округінің тұрғынын өзінің мысығы тістеп алған. Осыған байланысты ветеринарлар мысықты алып, сараптама жасады. Тексеру кезінде құтырма дерті анықталған еді. Кейін ауылда шектеу қойылып, бұл екі көшені қамтыды.
Алайда арада ай өтпей жатып осы келеңсіз оқиға тағы қайталанып отыр. Ветеринарлар көктем келіп, жабайы аңның ауылға жақындайтын кезінде мұндай оқиғалар тіркелетінін жасырмады.
«Ырғыз ауданының Құттыкөл ауылында мысық құтырма ауруына шалдыққан. Жас жігіт үйінен шыққан кезде мысық ұмтылып, оның қолынан тырнап алды. Үй жануарын ұстап алмақ болғанымен, одан түк шықпады. Сондықтан өлтіріп тастаған. Өлі денені тексеру кезінде құтырма ауруы анықталды. Шектеу ауыл әкімінің ұсынысымен қойылады. Бір көшеге ғана шектеу қойылып, вакцина егіледі»,- деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанабаев.


.jpg)