
Астанадағы Министрліктер үйінің маңында күдікті көрінген сөмке табылып, арнайы жасақ осында жұмылды. Алайда иесіз сөмкеден мина табылмады.
Түс ауа жұрттың нағыз көп жүріп, қозғалыста қарбалас көбейген сәтте Астанадағы Қонаев пен Мәңгілік ел көшелерінің қиылысы одан сайын кептеліске айналған болатын. Оның себебі кейін бегілі болды. Бір уақыттан соң саулап жеткен полиция қызметкерлері әлгі аймақты қоршауға алып, жұртты одан сайын әбігерге салған. Куәлердің айтуынша, бұған себеп осы маңнан табылған иесіз әйел сөмкесі екен. Кейіннен бұл мәселе жайлы қалалық Ішкі істер департаменті түсінік берді.
«Сағат 13-50-де Қонаев пен Мәңгілік ел көшелерінің қиылысына таяу жердегі көлік тұрағынан иесіз әйел сөмкесі табылғандығы туралы ақпарат түсті. Осыдан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері шұғыл аттанды. Тексеру барысында күдікті зат табылмады. Ескі әйел сөмкесінің ішінде де қағаз қоқыс қана болған», - деді департаменттің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.
Оның сөзіне қарағанда, сағат 14,24-те көше қиылысындағы жаяу жүргіншілерге енгізілген шектеу алынған.


.jpg)