Атақты шотланд жазушысы Роберт Льюис Стивенсон былай деп жазған еді:

«Орман өзінің сұлулығымен ғана емес, саф ауасымен баурап, кәрі ағаштар эманациясының ерекше сезіміне баулитыны соншалықты, тіпті шаршағаныңды ұмыттырып, бойыңды керемет сергітеді».

расында да, орман – бұл ойлау қабілетін жақсартуға керемет әсер ететін таптырмас орын ретінде бұрыннан белгілі. Сондай орманда жиі қыдырып келген Стивенсон үшін бұл қазір сирек құбылысқа айналып барады.

Әйтсе де, Амоса Клиффордтың ойы жүзеге асса жағдай мүлдем өзгеретін еді. Амоса Клиффорд - 2012 жылы Табиғат және орман терапиясы қауымдастығының негізін қалаған, тұмса табиғаттың бұрынғы жол көрсетушісі.  

Оның орман терапиясына арнап құрған тобының бір ғана мақсаты болды. Ол мақсат – аурулардың алдын алуға бағытталған «орман ванналары» секілді тәсілді насихаттау. Мұндай әуезді терминнің өзі орман ауасын барлық бес түрлі сезім мүшесі арқылы бойға сіңіруді  білдіреді. «Табиғатпен етене болудың басқа түрлерінен, мәселен жаяу жүруден айырмашылығы – орман ванналары бақылаушы практикасына жақынырақ», - деп түсіндіреді Клиффорд.

Осындай тәсілмен 6-15 адамнан құралған топпен бір рет қыдыру үшін Калифорния штатының Сан-Франциско қаласына жақын Сонома округіндегі орманда 3 сағатта 1 километрге жетер-жетпес жол жүруге болады. Қыдырумен байланысты орман ванналарының мақсаты – ой өрісіндегі, организмдегі процестерді баяулату, айналадағы бізді қоршаған электроника туралы ұмыттыру. 

Kleiner Perkins америкалық венчурлық қорының жақында жүргізген зерттеу мәліметтеріне сәйкес, бір америкалық күн сайын орта есеппен 9,9 сағатын теледидар, планшет, смартфон немесе компьютер алдында өткізеді. Қытайда, Филиппинде және Индонезияда көрсеткіштер бұдан да сорақы.

Осыған байланысты біреулер тіпті біз технология қожасы болудың орнына олардың құлына айналып барамыз деп алаңдай бастады.

Паркте қыдыру ауыр ой тудыратын ми бөліктеріне қан кету қаупін  азайтады.

Ешқандай да техника қолдануға болмайтын (бір жағынан тыйым салынбайтын да) орманда кәдімгі терапиялық қыдырудың берері мол. Қыдырыс барысында Клиффорд топтағыларға олардың ойын басқа жаққа аударатын бірқатар сұрақтар қояды. Міселен, «шикі топырақтан қандай иіс шығады? Ағаш қабығын сипалаған қалай? Ағаш ұшында желдің есуін естисіңдер ме?»

 «Біздерде бірсұмдық уақыт ауруы пайда болды: ылғи да әрбір сәттің тиімділігін арттыруға ұмтылып жүрміз», - деп пайымдайды Клиффорд.

Орман ауасына енген сайын, организмді емдеп-сауықтыру механизміне айналдыратындай нерв жүйелерін тынықтыруға болады.

Әрине, бұл ағашты құшақтауды ұнататындар ойлап тапқан жалған ғылым секілді көрінуі мүмкін, алайда қазіргі күні орман желектерінде қыдырудың шынында да адам ағзасына айтарлықтай жақсы әсер ететіні туралы деректер көптеп шыға бастады. Мәселен, бұл қанның артериялық қысымын төмендетуден бастап, депрессиямен күресте де тиімді көмек бола алады.

2015 жылы АҚШ-тың Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкерлері  жүргізген зерттеу паркте қыдырудың миға қан кетуін төмендетуге көмектесетінін көрсеткен. Ал ғалымдар әсіресе қалалықтарда осындай ауру жиі кездесетінін алға тартады.

Тағы бір зерттеуде жасыл желекте көбірек қыдыратын ересек адамдардың ой өрісі жоғары болатындығы, олардың депрессияға көп ұшырамайтыны анықталған.

Әйгілі Apple корпорациясының негізін қалаған марқұм Стив Джобстың ерекше тәсілі болды, ол қызметкерлеріне жиналысты орманда қыдырып жүріп өткізуді ұнататын. Соңғы жылдары Кремни алқабындағы фирмалар мен басқа да ірі компания жетекшілерінің көбі стресстен шығу тәсілі ретінде ғана емес, бизнесті жүргізу құралы ретінде де орман ванналарын таңдай бастаған.

Синрин-йоку

Орманда жай қыдыруды «ванна» деп атайтындай, тіпті осыны бізге денсаулықты жақсартатын құрал ретінде сататындай деңгейге қалайша түсіп кеттік?

Осы сұрақтың жауабын планетадағы демографиялық ахуалдың өзгеруінен қарауға болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықтық қоныстану бөлімінің дерегіне қарағанда, бүкіл әлемде қала тұрғындарының саны 1950 жылы 746 миллион адамнан 2014 жылы 3,9 миллиард адамға дейін артқан.

Осылайша планета халқының жартысынан астамы табиғаттан жырақта, қалалық тұрмыс кешіп жатыр. Сосын бір кездері таза ауадағы қыдыру әдеткі қалыпты жағдай болса, қазір оны ұйымдастырудың өзі оңай болмай отыр. Бұл проблема бәрінен бұрын халқының 93 пайызы қалада тұратын Жапонияға жете таныс.

Айтпақшы «орман ванналары» немесе «синрин-йоку» терминін 1982 жылы дәл сол Жапонияның орман шаруашылығы ұсынған екен.

«Бұл тәсілдің тамыры синтоистік және буддалық тәжірибелерде жатыр. Елдегі аурудың алдын алудағы негізгі бағыттардың бірі саналатын бұл саланы зерттеуге үкімет 10 миллион АҚШ долларын жұмсаған», - дейді Жапония медицина мектебінің мұғалімі, жапондық орман медицинасы қоғамының төрағасы Цин Ли.

Лидің зерттеулері орманда адамның нерв жүйесі жақсы жұмыс істейтінін көрсеткен. «Оның тиімділігі табиғи ароматерапиямен бірдей», - деп түсіндіреді ол. Ағаштар мен басқа да өсімдіктер биологиялық белсенді заттардың иісін мүңкітеді, аурулардан қорғауға қажетті табиғи киллер-клеткалар нығаяды.

Бұдан бөлек, Ли орманда жиі серуендеген адамның стресс гормоны саналатын – кортизол деңгейі төмендейтінін, сонымен бір мезгілде сергектік пен адамның ойлау қабілеті жақсаратынын анықтады.

Орманда жолығайық

Орманды аурудың алдын алудағы жақсы көмекші санайтын ел бір Жапония ғана емес. Кореяның орман қызметі де 2017 жылы 34 қоғамдық сауықтыру ормандарын салуды және екі орман терапиясын ашуды жоспарлаған. Ал Еуропаның өкпесі саналатын Финляндия үкіметі Скандинавияда медицинадағы орманның рөлін зерттеумен айналысатын арнайы жұмыс тобын қаржыландырады. Бұл топ 2007 жылы құрылған болатын. Олар орманның жаңағыдай денсаулыққа пайдасын зерттеуден бөлек, мектептер мен кеңселер жанында ағаштар санын көптеп өсірумен айналысады.

Дегенмен, орман ванналарының пайдасы туралы нақты мәліметтердің басым бөлігі әлі де Жапония тарапынан келіп түсуде. Онда орманға келушілер анкета толтырып, биометрикалық көрсеткіштерге анализ тапсыруға келісім береді. Стресске қарсы жақсы әсер ететін орындар тіркеліп, ол жер орман терапиясы базасына айналады.

Қазіргі уақытта Жапонияда ондай базаның саны 62-ге жеткен, олардың көбі ірі қалаларға жақын орналасқан. Онда арнайы нұсқаушылар қызмет етеді, медициналық мекемелермен байланыс та жолға қойылған.

Лидің айтуынша, бұл базалар әсіресе жапондық іскерлік топтар арасында ерекше танымал.

«Көптеген компаниялар өздеріне жақын маңдағы орман терапиялары базасымен келісім жасап, орманда жиналыстар өткізеді, жаңа қызметкерлер үшін стресспен күресу жолдарын үйрететін тренингтер ашады», - дейді ғалым.

Электронды саудамен айналысатын Токиядағы ірі компанияның бірі Rakuten компаниясының басшысы Хироси Микитами әлгіндей бір де бір базаны тұрақты пайдаланбайды. Оның есесіне компанияның басшылық құрамымен бірге ылғи ауылдық жерлерге қыдырып барып тұрады. Бұл тенденция Жапонияда ғана емес Тынық мұхитының арғы бетіндегі Американың Калифорния штатында да белең алуда.

Клиффорд Табиғат және орман терапиясы қауымдастығы жүргізетін нұсқаушыларды дайындау бағдарламасы аясында бірқатар консультанттарды оқытқанын айтады.  Ал лицензияға ие болған олар ендігіде АҚШ-тағы Google мен Facebook секілді әйгілі жоғары технология компанияларымен жұмыс істеуде.

Ол стресске жиі ұрынатын мұғалімдер үшін пилотты жоба ашқысы келетін Калифорния штатындағы Санта-Роза қаласының мектептер желісімен де, өз дәрігерлеріне қыдыруды ұйымдастырғысы келетін Kaiser Permanente мекемелерімен де келісімшарт жасаған.

Паркте қыдыруға арналған рецепт

Зерттеу нәтижелерімен танысқан медицина қызметкерлері пациенттерге табиғатта көбірек қыдыруға кеңес бере бастады. Бұл цифрлы технологияларға тәуелділік және депрессиямен күресуге арналған ем.

Мәселен, АҚШ-та Park Rx атты ұлттық жоба ұйымдастырылды, онда халық табиғатпен етене болу арқылы денсаулығын жақсарта алатын. Жоба аясында тұрғындарға қоғамдық парктерге қыдырудың рецепті де жазып берілетін.

Park Rx бағдарламасының консультанты Роберт Зарр парктерді әлі пайдаланылмаған ресурс деп санайды, дәрігерлердің де оған жіті көңіл бөлмейтініне қынжылады.

«Біз ылғи да дәрі жазып беруге асығамыз, немесе пациентті маманға сілтейміз. Ал негізінен аурудың көбі олардың өмір салтына байланысты болуы да мүмкін», - дейді ол.

Австралия мен Жаңа Зеландияда да осыған ұқсас «жасыл рецепттер» жүйесі бар. Англияның оңтүстік батысында, Девон графтығындағы Дартмур және Эксмур облыстарында жақында үш жылға арналған бағдарламаның бета-тестілеуі басталды.

Зарр «дән ылғалды, құнарлы топыраққа түсті, енді табиғатпен етене болу қозғалысы ақырын тамыр алады» деп санайды.

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту