Байлық не үшін қажет?

      Пікір жоқ on Байлық не үшін қажет?

Ақыл-есі дұрыс, иманды, білімді адам бай болуы тиіс. Өз отбасының қажеттіліктерінен артылатын байлығы бар иманды адам ғана айналасына, қоғамға қайырлы істерді жасай алады. Демек, әркім де Алланың берген ғұмырын лайықты сүргісі келсе, бай болуға ұмтылғаны жөн. Байлық бізге отбасымызды жай ғана асырау үшін емес, балаларымыздың жақсы білім алып, денсаулығы мықты, саламатты, иманды болып өсуі үшін керек. Ауыра қалсақ, кісіге немесе несиеге кіріптар болмай емделуіміз үшін, ауырмас үшін спортпен айналысу үшін, ойға алған игі мақсаттарымыз бен жоспарларымызды іске асыру үшін, ағайын-туғанның жағдайына қарайласу үшін, жетім-жесірге, ақшаға аса мұқтаж ғаріптерге көмектесу үшін қажет. Ал сіз байлық не үшін қажет деп ойлайсыз?

Бүгінде қаржы сауаттылығы мен бизнес жолдарын үйрететін, тіпті «ойлан да байы» деген мағынада баюдың жолдарын көрсететін, баюға, бизнес жасауға ынталандыратын авторлардың кітаптары нарықта көптеп сатылып жатыр. Солардың қатарында Ресей Мәскеу мемориалдық мешітінің имамы, Ресей Федерациясы мұсылмандарының діни басқармасының Ғұламалар кеңесінің төрағасы Шамиль Аляутдиновтің авторлығындағы кітаптар өзінің рухани тереңдігімен, байлыққа қатысты мәселелерді Құран аяттарымен негіздей отырып түсіндіретіндігімен ерекшеленеді. Оның «Финансы триллионера», «Подсознателные бедность и богатство» деген кітаптары әсіресе орыстілді қалың көпшілікке кеңінен танымал.

Біз осы «Подсознателные бедность и богатство» кітабынан үзінділер аударып, оқырмандарымызға пайдалы олар деген ниетпен тұрақты ұсынып отыруды жөн көрдік.

Ш.Аляутдинов. «Подсознателные бедность и богатство» (үзінділер)

Ақша дегеніміз, бар болғаны ақша ғана! Егер біз ақшаға эмоциямыз бен бір сәттік қалауымызды қоспайтын болсақ, онда дұрыс қаржы тарихына ие бола отырып, оны саналы түрде басқарамыз және ақшаның санына тұрлаусыз шынайы еркіндікті сезінеміз.

Соңғы жылдары (2012 жылдан бастап) мен семинарлар өткізіп, қатысушыларға  өз қаржы тарихын анықтауына, оған түзетулер мен өзгерістер жасауына көмектесіп жүрмін.  Менің «Финансы триллионера» кітабымда да осы жөнінде айтылады. Бүгін фитнеспен айналысар алдында жазғанымды қайта оқып отырып, ойландым: менің жеке сана түйсігімдегі қаржы тарихым неге үндейді, нендей нәрсеге ынталандырады, қандай әрекеттерімнен көрінеді?

Мысалы, мен бір киімді немесе аяқ киімді 10 жыл киюге бармын, жеке автомобильсіз (соңғы 6 жылда жеке көліксіз жүрмін, оған дейінгі 11 жылда 11 автомобиль ауыстырдым, соның жартысына жуығын ресми дилерден жаңа су жаңа күйінде сатып алдым), қала сыртында үй (саяжай) тұстамай-ақ, бизес-класпен ұшпай-ақ жүре аламын, сөйте тұра өз отбасыммен (әйелім және бес балам) 1 миллион доллар тұратын, біреу сыйға тартқан емес, жеке өз ақшама сатып алынған пәтерде тұрамын. Ай сайын пассив табыс әкелетін қомақты инвестицияға иемін. Мен өзіме сандарды белгілеймін, ал олар біртіндеп жүзеге асып отырады. Демалыссыз жұмыс істеймін, көп әрі талмай (темірді қызған кезінде соқ дегендей) еңбектенемін. Тұрақты пассив табысым  (Алланың жарылқауымен) бар болғандықтан, қалған өмірімде жұмыс істемей-ақ қойсам да болар еді, әйтсе де мен жұмыс күнін таңғы 7-де бастаймын (ұйқыдан тұру – таңғы 6-да).

Маған ақша, қаржы молшылығы не үшін керек? Біріншіден, өзіме және отбасыма саламатты өмір салтын қамтамасыз ететін сапалы азық-түлік (олардың ылғи да қымбат болуы міндетті емес) сатып алу үшін. Екіншіден, балаларымның, сондай-ақ өзімнің және әйелімнің біліміне, денсаулығы мықты, рухани және интеллектуалды тұрғыдан дамуына (үйірмелер, сабақтар, тіл үйрену үшін шетелге шығуы, репетиторлар) инвестициялаймын. Үшіншіден, әрдайым қажетті өмірлік шығыстар мен салықтар бар. Осы бәріне менің айсайынғы орташа жылдық кірісімнің 10 процентке жуығы кетеді. Қалғаны – пәнилік (ақша – ақшаны тартады, көбейтеді) және бақилық сипаттағы (өтеуіне ештеңе күтпестен, өзгелердің игілігіне; екі дүниедегі бақыттың толымды болуы үшін) инвестиция.

Ақша одан да көп ақша әкелуі тиіс. Сондықтан қаржылық шығыстарды бақылауда ұстау маңызды (айналадағы ахуал жағдайында қаншалық мүмкін болғанынша), бұл ең алдымен біздің кездейсоқ сатып алуларымызды, аяқ астынан туған қалауымызды, эмоциямен байланысты қаржылық шешімдерімізді бақылау. Ақша біздің денсаулыққа, білімге және екі дүние бақытына (ақшаның санына тәуелді емес, керісінше оны қаншалық дұрыс әрі даналықпен пайдалануымызға байланысты) қатысты шығыстарымызды оңай жабуы тиіс.

Мен бір кездері өзімнің жеке сценариімде былай деп жазған едім: «Менің өмірім – шедеврлер легі», оны жүзеге асыру үшін қаржы, ақша молшылығы қажет. Еске сала кетейін, сана түйсігіндегі бай адамдар өнім жасайды (мен оларды әдетте шедеврлер деп атаймын), ал сана түкпірінде кедей адамдар ештеңе жасап шығармайды, олар тек тұтынады, ақша оларға сол үшін ғана керек. Сондықтан, қанша ақша керек деп сұрағанда, олар «жеткілікті болса» деп жауап береді. Яғни, сана түкпірінде бекіген деңгейде  ғана, қалауын орындауға жеткілікті болса болғаны.

Ал сіздің сана түкпіріңіздегі қаржы тарихы қандай?

(жалғасы бар)

  1. Aqbáki Tórejan, ulus.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған