«7-20-25» бағдарламасының жаңа ипотекалық механизмдеріне байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі

 

«Мемлекет басшысы жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасына» сәйкес, біз осы айда «Нұрлы жер» бағдарламасына «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын есепке ала отырып, өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз. Қысқаша айтар болсам, жаңа бағдарлама аясында несие бойынша сыйақының ставкасы жылына 7 пайызға дейін төмендеп, алғашқы салым 20 пайыздан аспай, ал ай сайын үй төлемін өтеуді жеңілдету үшін несиенің мерзімі 25 жылға дейін ұзартылатын болады. Бұл механизм арқылы әрбір жұмыс істейтін адам несиеге пәтер ала алады. Қазақстандықтардың көбінің тиімді шарттар арқылы баспана сатып алуға мүмкіндігі болады. Биылғы жылдың екінші жартысында барлық санаттағы азаматтар үшін алғашқы арзан ипотека беріледі», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11 миллион шаршы метрден асты. Яғни, 2016 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 6,2 пайызға жоғары.

«Естеріңізде болса, бұрын КСРО кезінде «Тұрғын-үй - 91» деген бағдарлама болған. Сол кезде Қазақстанда жылына 6,5 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылатын. Өткен жылда 11 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үймен 100 мыңнан астам отбасыны баспанамен қамтуға қол жеткіздік. Бұл тұрғын үй құрылысын іске асырған жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш», - деді Жеңіс Қасымбек.

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту