Биыл Астанада Наурыз мейрамына арналған басты шаралар ЭКСПО көрмесі кешенінің аумағында өтеді. Сонымен қатар, мерекелік демалыс күндері Бурабайда туристер үшін тегін автобустар қатынайды

 

Айта кетерлігі, наурыз мерекесіне орай алда 5 күн демалыс. Астанада бұл күндері қандай шаралар өтеді? «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, 21 наурыз күні сағат 13.00-де және 22 наурыз сағат 10.00-де басталатын ауқымды мәдени ойын-сауық бағдарламасын әзірлеген.

Бұл ретте ЭКСПО көрме кешенінің аумағында этноауыл ұйымдастырылады. Онда келген қонақтар ұлттық ойындар сайысына қатысып, дәстүрлі тағамдардан дәм татады, қазақ мәдениеті мұражайын, тазы мен төбеттер көрмесін тамашалай алады.

 

Одан бөлек, ЭКСПО туристік аймағы нысандары келушілер үшін жұмыс уақытын ұзартады. «Нұр Әлем» - «Болашақ энергиясы» мұражайы мен Үздік тәжірибелер аймағы сағат 21.00-ге дейін, ЭКСПО мұз айдыны 23.00-ге дейін жұмыс істейді.

Атап өткен жөн, ЭКСПО-2017 аумағында келушілердің жайлылығы үшін 1 мың көлікке арналған жерасты тұрағы қарастырылған. Автотұрақ тәулік бойы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Ұлыстың ұлы күні құрметіне Бурабай курортты аймағында арнайы Shuttle-Bus автобустары қатынайды. Арнайы автобустар арқылы Бурабай курортына келген туристер бірнеше нысанға тегін бара алады.

«Әдетте Бурабайға туристер екі күндік демалысқа келеді және уақытын дұрыс жоспарлай алмайды. Көптеген орындарға барып үлгермейді. Сол себепті, Наурыз мерекесі құрметіне пилоттық жоба ретінде арнайы автобустар бөлдік. Автобус «Hop on-hop off» әдісімен жүреді, яғни жолаушылар кез келген 5 аялдаманың бірінен отырып, Абылай хан алаңы, Лапландия, Табиғат музейі сынды нысандарға тегін бара алады. Щучье қаласының орталығындағы жалпыхалықтық мейрам да автобус бағытында қарастырылған. Алдын ала кестені білу арқылы туристер өз уақытын дұрыс жоспарлап, тегін сапарлай алады», - деді Ақмола облысы туризм басқармасы жанындағы Туристік ақпараттық орталық басшысы Данияр Идиятов журналистерге арналған «Visit Aqmola» баспасөз турында.

Орталық басшысының айтуынша, автобустар белгіленген бағыт бойынша таңғы 9-дан кешкі 20:00-ге дейін жүреді. Олардың аралық уақыты - 1 сағат 20 минут. Егер жоба сәтті жүзеге асса, туристік ақпараттық орталық әр мейрам күндері тегін автобустар бөлуді жолға қоймақ.

 

Автобустар кестесін туристік орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

 

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту