Астанада ата-аналар мектепте берілетін оқушылар тағамына құрт пен ірімшікті қосуды ұсынды

Астанада мектеп оқушыларының ата-аналар комитеті мектеп асханасының ас мәзіріне құрт пен ірімшікті қосуды ұсынып жатыр.

Бұл туралы “Нұр Отан” партиясының баспасөз қызметінен хабарланған.

Атап өтерлігі, ата-ана комитетінің белсенділері партиялықтарға мектептердің ас мәзіріне құрт пен ірімшік сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын енгізу туралы ұсыныс жасаған. Ынталы топтың мүшесі Гүлнәр Омарованың айтуынша, егер оны әдемілеп орап берсе, балалар сүйсініп жейтін  тағамдардың бірі болады.

Кездесудің қорытындысы бойынша партия хатшысы Илья Теренченко белсенділердің көтерген мәселелерінің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтіп, бастамашы топ мүшелерінің 14 қаңтардан өз жұмысын бастайтын республикалық мониторинг тобының құрамына енетінін хабарлады. Оның айтуынша, «Мектеп асханалары» жобасының аясында ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін партиялықтар мыңға жуық мектеп асханаларына мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр.

«Біздің мақсатымыз – барлық тараптарды қанағанттандыратын ас мәзірін қалыптастыру, сондай-ақ, мектептердегі тамақтандыратын жерлерде өткізуге болмайтын азық-түліктің сатылуына жол бермеу. Келешекте партиялықтар елордада жинақтаған тәжірибелерін өңірлік филиалдармен бөлісетін болады», – деді И.Теренченко.

Айта кетейік, құрт пен ірімшік – қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық тағамы. Бұл қазіргі балалар сүйсініп жейтін шоколад секілді тәттілерден әлдеқайда жақсы әрі пайдалы. Оның үстіне  құрт пен ірімшік басқа тағамдар секілді бұзылмай сақталатын ас.

 

авторы: Айдар Оспанбатыр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған