Соңғы жылдары Қазақстаннан көршілес Ресейдің жоғары оқу орнына түсуге ұмтылған жастар саны күрт артқан. Бұл неғылған үдеріс? Сенатор Мұрат Бақтиярұлы  осы мәселеге алаңдап, Үкіметке сауал жолдады

Сенатордың айтуынша, соңғы жылдары Ресейдің жоғары оқу орындары шекаралық облыстардағы елді мекендердің оқушыларына түрлі байқаулар ұйымдастырып, дарындыларын ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстап жүр. Ал бұның ақыры дарынды жастардың теріскейге аттануын көбейтіп жіберген. «Әрине, жастардың таңдау еркіне, талап-тілектеріне шектеу қоя алмаймыз. Шетелде білімі мен біліктілігін жетілдіріп келгеннің еш айыбы жоқ. Бірақ, олардың өзге елдерге көптеп кете бастауы бізді алаңдатады», - деді сенатор.

Бақтиярұлының келтірген мәліметі де алаңдауға негіз жасайды. Мысалы, 2017-2018 оқу жылы елімізде 127 414 оқушы мектепті аяқтаған. Олардың ішінде тек 92 827 түлек, яғни 72% ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш төмендеп барады. "Оның бір ұшығы түлектердің өз елінің оқу орнынан гөрі шетелдің білім ордасын таңдауына келіп тіреледі», дейді Бақтиярұлы.

 Мысалы, 2015-2016 оқу жылдарында Павлодар облысында 3 оқушы өз тағдырларын шетелдегі оқу орындарымен байланыстырса, 2017-2018 жылдары оқу жылдарында 412 түлек шетелде оқуға тілек білдіріп, бұл көрсеткіш 135 есеге көбейген!

Ақмола облысында екі жыл бұрын осындай түлек саны 62 болса, былтыр бұл көрсеткіш 6 есеге артқан. Айта кетуіміз керек бұлардың көпшілігі мектепте жақсы оқыған талантты оқушылар. Бұл секілді жағдай Ресеймен шекаралас  Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында да орын алуда.

«Сонда Қазақстан басқа мемлекеттің экономикасы мен әлеуеті үшін қаржы шығындап, орта білім берген болып шығады. Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. 11 жыл мемлекеттен әр баланың білім алуына 3 млн. 200 мың теңге қыруар қаржы бөлінетінін, бір тұлғаның қалыптасуына әлденеше адамның тер төгетінін, өзгелерге дайын еңбек күшін үлестіріп отырғанымызды еске алсақ, бұл ел үшін үлкен шығын, экономикалық және адами капитал мен шашылған дарын екеніне көз жеткіземіз», - дейді сенатор Бақтиярұлы.

Сонымен қатар, депутат шекаралас аймақтардағы орыс тілді мектептер түлектерінің көпшілігі ҰБТ тапсыруға құлықсыз екенін, өйткені оның тәртіп-ережелерін қиынсынатынын алға тартады. Есесіне бұған қарағанда, Ресей жағы көптеген жеңілдіктер, артықшылықтар ұсынатындықтан, қазақстандық жастар көбіне сол жаққа қарай ұмтылады.

«Олар онда – ақысыз оқуға түсіреді және оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыруға  кепілдік береді. Ал, Қазақстанда оқу ақысы қымбат, сондықтан шекара асуға мәжбүр. Қарапайым бір ғана мысал, Еуразия ұлттық университеттінің бір жылдық оқу ақысы 750 мың теңге шамасында және жатақханада жиі орын болмауына байланысты пәтер жалдап оқу осындай әр студент үшін жылына 1 миллион теңгеден астам шығын әкеледі. Ал, Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік университеттің бір жылдық оқу ақысы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Осының өзі көп жайдан хабар береді», - деп түйіндейді сенатор.

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту

Ең көп оқылған