Шекарадан өтпекші болған қазақстандықты Қытай елі қамауға алды.

Туыстарының айтуынша, 31 жастағы Ерсінбек Құрмет үш жастағы баласымен Қытайдағы туыстарына қыдырып кеткен. Қытай билігінің отағасын не себепті ұстағаны туралы әзірге ешкім білмейді, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Полицейлер баланы Қытайдың Чугучак қаласында тұратын апасына апарып берген.

Ерсінбек Қытайда туылған, кейінірек отбасымен отанына оралған, жыл бұрын ғана азаматтық алыпты. Жалпы Қазақстанға оралған ағайындарды қамауға алу жағдайы Қытай елінде бірінші рет орын алып отырмағаны анықталды.

Анаргүл Сайдақыметтің отағасымен сөйлесе алмай отырғанына екі аптаның жүзі болды. Ол қаңтардың басында Қытайдағы туыстарын көріп келмекке кеткен отағасын қамауға алғаны туралы хабарды енесінен естиді. Немересін әкеп берген полицейлер мән- жайды түсіндіруден бас тартқан. Бұл күнде туысқандары ала -көңіл, шарасыз күйде.

- Қазақстан азаматттығын былтыр алдық. Қытайда тұратын ата- анасын көруге ол өзінің көлігін мініп кеткен болатын. Бахты деген шекарадағы бөлімшеге келгенде ұстаған. Біз Алматыда саудамен айналысамыз, заңға қайшы ештеңе істеген емеспіз және қарыздарымыз да жоқ,  - дейді Ерсенбектің жұбайы Анаргүл Сайдақымет

Дәл осындай жағдай елімізге келген Өмірбек Бекалының да басынан өткен болатын.  Қытайға бір жетіге жұмыс сапарымен кеткен ол жеті ай абақтыда отырып келді.

- Туристік фирманың атынан Қытайдан келген қонақтармен жұмыс жайлы талқыламақ болып, Үрімжіге барған едім. Іле- шала сонда тұратын ата -анама соқтым. Артымнан бес полицейский келіп тұр. Қойған кінәлары -  төрт адамға Қазақстанға шақырту жіберген болып шығыппын. Мені қарашада босатты. Таққан айыптары дәлелденбеді, - дейді Өмірбек Бекалы.

Сыртқы Істер Министрі дипломаттардың көмегімен Өмірбек Бекалыны абақтыдан алып шықты. Енді олардың көмегіне Ерсенбектің жұбайы да зәру. Дәл қазір Қазақстан азаматын Қытай елінің не себепті тұтқынға алғаны анықталып жатыр.

- Ерсенбек Құрметтің жұбайынан қажетті құжаттар мен арызын алдық. Қытай тарапынан осы мәселеге қатысты түсініктеме сұралды. Таяу арада жауап та келіп қалады, - деп түсіндірді ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов.  

Қазір Ерсенбек Құрметтің отбасы Алматыда. Ал үш жастағы ұлы қытайдың Чугучак қаласында тұратын апасының қолында.

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту