Алматыда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа БАСПАНА.KZ жылжымайтын мүлік порталы таныстырылды,-деп аталмыш банктың баспасөз қызметі хабарлады.

 Жаңа портал баспана таңдауды ыңғайлы, тұрғын үйді бөлістіру процесінің ашық және айқын болуын қамтамасыз етеді. Портал банк клиенттерін, құрылыс компанияларын және мемлекеттік органдарды бірыңғай мәліметтер базасы бар платформада біріктіріп отыр.

– Біз салымшының мемлекеттік бағдарламаға қатысу барысында жүріп өтетін жолын талдап-саралап, ол жолды барынша оңтайландыруға, автоматтандыруға тырыстық, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. – Порталда салымшылар өздері қызығушылық танытқан құрылыс нысанын таңдап, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінім беріп, тұрғын үйді бөлістіру процедурасынан өтіп, ұнатқан пәтерін таңдай алады. Шаршы метрлерді сату процесі бастан-аяқ ашық және айқын жүреді.

Жаңа порталда салымшы тұрғын үй нысанын таңдап, осы нысаннан пәтер алу үшін бірден өтінім бере алады.

 – Яғни сіз әлі де қажет соманы жинап жүрсіз, бірақ, осыған қарамастан, дәл осы сәтте мемлекеттік бағдарлама аясында алғыңыз келген нақты бір пәтерді алдын-ала «брондап» қоя аласыз, - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.

 

Бүгінгі күні 240 мыңға жуық банк клиенттері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 24» интернет-банкингін пайдаланады. Енді осы интернет-банкингтің барлық қолданушылары автоматты түрде БАСПАНА.KZ сайтының да қолданушысы атанды. Порталмен жұмыс істеу үшін оларға интернет-банкингтегі жеке мәліметтерін пайдаланып, сайтқа бірақ рет кіру жеткілікті болмақ.

Жекеменшік құрылыс жүргізушілер өздері салып біткен немесе салып жатқан тұрғын үйді аталмыш банк салымшылары арасында сату үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өтінімді осы жаңа жылжымайтын мүлік порталы арқылы бере алады. Ал салымшылар жекеменшік құрылыс иесінің қандай да бір нысаны қаншалықты қызықты болатынын өздері шешеді. Осының арқасында құрылыс жүргізуші ықтимал клиенттерінің тілек-қалауы туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізеді. Нысанға деген сұраныс төмен болып жатса, құрылыс компаниялары қосымша шаралар қолданып, сату талаптарын жақсарта алады.

Порталды дамытудың келесі кезеңінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «БАСПАНА.kz» арқылы «Өз үйім» секілді банктің жеке бағдарламалары аясында тұрғын үй сатуды жоспарлап отыр.

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту

Ең көп оқылған