Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарлама жобасын таныстырды

 

Еске сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасын дайындауды Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» үндеуінде Үкіметке үктеген болатын. Бұл ретте қазақстандықтарға ипотека 7 процентпен алғашқы жарнасы 20 проценттен артпайтындай және 25 жыл мерзімге беру көзделеді. Бұл тапсырманы орындау үшін Үкімет алдымен арнайы компания құратынын да мәлімдеген болатын.

Ұлттық банк төрағасының 7 проценттік ипотекамен айналысатын арнайы компанияның капиталы Ұлттық банктің есебінен қалыптасады. Компания ол ақшаға екінші деңгейлі банктер берген жаңа ипотекалық несиелерді сатып алады.

«Жаңа бағдарлама әркімге жеңілдік шарттарын береді. Алайда бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс. Бағдарлама қарыз алушының төлемге қабілетті болуын талап етеді. Оған ресми кірісі бар Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қазір банктермен жаңа бағдарламаның шарттары пысықталуда. Мысалы, үйдің бағасы 7 миллион теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жалпы алғанда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының көпшілігі үшін қолайлы», - деді Данияр Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде республика бойынша тұрғын үйдің бағасы әр алуан. Сондықтан ірі қалалар мен аймақтар бойынша баспана бағасына дифференциация жасалуы мүмкін.

«Бағдарламаның қазіргі өлшемдері әзірше жоба екенін ескеру керек. Бұның барлығы әлі мемлекеттік органдар мен банктермен талқыланады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарының пікірін естуіміз керек», - деп атап көрсетті Бас банкир.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков 7 проценттік ипотеканы беру жұмыстары шамамен жылдың ортасында басталатынын айтады. «Маусым айының аяғына дейін барлық құқықтық-ұйымдастырушылық шараларын аяқтаймыз деген жоспар бар. Содан шілде-тамыз айларында банктер арзан ипотеканы беруді бастайды», - деді Смоляков.

Оның айтуынша, жаңа бағдарлама аясында жаңадан құрылатын компания банктерден ипотекалық несиелерді сатып алады да, жылдық мөлшерлемені 7 процентке дейін түсіреді. Ал несиені алған азаматтар барлық төлемдерін банкке жасай береді.

«Ипотекалық несиелердің алғашқы пулы жасалған бойда біз оның барлығын сатып алуға кірісеміз. Әрине, әр адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады. Енді, мемлекеттік бағдараламаларда әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар және тағы басқа санаттар бар. Жаңа бағдарламада ондай категориялар болмайды. Біз барлық заемдармен жұмыс істейтін боламыз», - деп атап көрсетті О.Смоляков.

Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы аясында құрылатын жаңа компания мен «Нұрлы жерде» отырған Қазақстанның ипотекалық компаниясының айырмашылығы да баршылық. Мәселен, ҚИК ипотекалық заемдарды субсидиялайды. Ал жаңа құрылатын компания ол несиелерді сатып алатын болады.

 

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту

Ең көп оқылған