Голливуд жұлдыздары Өскеменде жүр

 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың шақыруымен Өскеменге бір топ Голливуд жұздызы кеген екен. Атап айтқанда, Кэри Тагава, Майкл Мэдсен, Бай Лин, Марк Дакаскас және Эрик Робертс продюсер Арман Асеновтың басшылығымен Шығыс Қазақстан туралы фильм түсірмекші. Әзірге фильмнің қай жанрда болатыны белгісіз. Бір анығы, ол туынды өңірді әлемге таныту үшін түсірілмек.

 

Кэри Тагава бұл жобада бас продюсер қызметін атқарады. «Мен - жапондықпын, біздің қазақтармен байланысымыз көп. Сіздердің жандарыңызда болғым келеді, сондықтан Қазақстанның азаматы болу жоспарымда бар», - дейді Кэри Тагава.

Кэри Тавага ғана емес Марк Дакаскас та қазақ болғысы келеді. Қазақтың кино өнерімен біршама таныс Марк Дакаскос осымен үшінші  рет қазақстандық жобаға қатысып отыр екен. «Қазақстанға алғаш келгенде жоңғар болдым. Енді қазақ болғым келеді. Мен бұл жердің табиғатына тамсанамын. Бұл елдің асханасы да ерекше. Қанша тамақ ішсең де, салмақ қоспай, қаз-қалпында жүре бересің» - деді Марк Дакаскос.

 

Голливуд жұлдыздары бұл жолғы сапарында Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданын аралап, өңірдің тыныс тіршілігімен және киелі орындармен танысады. Атап айтқанда, олар әуелі Өскемен қаласындағы мәдени нысандарды аралап, «Нұртау» демалыс базасына барады. Одан кейін Марқакөлді көзбен көріп, Қатонқарағай ауданындағы Рахман қайнарына ат басын тіремек. Берелдегі Патшалар жазығы, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім мемориалды кешені, Қоңыр әулие үңгірі мен Ырғызбай мазары да Голливуд жұлдыздарының назарына ұсынылмақ. 

Айтпақшы, ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Голливуд жұлдыздары түсетін жоба дүниежүзінде қазақстандық брэндті қалыптастыруға бағытталған екен.

Пікір жазыңыз

Защитный код
жаңарту